Алматыда әлемдік дода аяқталды

Алматыда әлемдік дода аяқталды
Сурет: Ашық дереккөзі

Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионатының жабылу салтанаты өтті.

Салтанатты рәсімде Алматы әкімі Ерболат Досаев жарыс жеңімпаздарын құттықтап, халықаралық шахмат федерациясына алғыс айтты.

«Әлемдік доданы ұйымдастырғаны үшін ФИДЕ халықаралық шахмат федерациясына, Қазақстан шахмат федерациясына, сондай-ақ барлық серіктестерге үлкен алғысымды білдіремін. Барлық қатысушыларды, әсіресе, беделді халықаралық турнирдің жеңімпаздарын құттықтаймын! Біздің әдемі қаламызда әлем чемпионатының өтуі және әлемнің кіл мықтыларын жинайтын орталыққа айналуы біз үшін үлкен мәртебе болды. Алматы шахмат турнирлерін өткізу үшін тұрақты орынға айналады деп сенемін. Мен чемпионатты мұқият қадағалап, жанкүйерлердің қатарында болдым. Жаңа жыл қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, бейбітшілік, амандық және жаңа биіктер тілеймін. Біздің қонақжай және әдемі қаламыз сіздің жүрегіңізде қалатынына сенімдімін», – деді қала басшысы.

Айта кеткен жөн, жаһандық додаға 50 елдің үздік 290 шахматшысы қатысты. 26-28 желтоқсан аралығында рапид ойындары, 29-30 желтоқсан күндері блиц ойындары өтті. Сондай-ақ, жарыс күндері төрешілер корпусына арналған ФИДЕ семинарлары, балалар мен барлық әуесқойға арналған бір мезгілде ойын сеанстары мен блицтер, IT саладағы бағдарламашылар үшін жеке турнир ұйымдастырылды.

Рапидтен ерлер арасында жарыс фавориті норвегиялық Магнус Карлсен жеңіске жетіп, төртінші рет чемпион болды. Ол бұған дейін 2014, 2015, 2019 жылдары жылдам шахматтан әлем чемпионы атанған.

«Мені тоқтататын адам шыққан кезде ғана мен мансабымды аяқтаймын. Жалпы, турнир деңгейі өте жоғары. Жеңіске жету оңай болған жоқ», – деп өз жеңісінен кейін Магнус Карлсен пікір білдірді.

Айтылған жарыс түрінен 2-орын 18 жастағы неміс гроссмейстері Винсент Кеймерге бұйырды. Ал 3-орынға америкалық шахматшы Фабиано Каруана жайғасты.

Ал әйелдер арасындағы жылдам шахматта отандасымыз Динара Сәдуақасова шебер өнер көрсетіп, әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Бас жүлде қытайлық Тан Чжунъиге, ал қола медаль Үндістан шахматшысы Шри Савитеге бұйырды.

Блиц жарысы да Қазақстан құрамасы үшін жеңісті болды. Бибісара Асаубаева блицтен өзінің чемпиондық атағын қорғап, алтыннан алқа тақты. Екінші және үшінші орындарға үндістандық Хампи Конеру және Полина Шувалова (ФИДЕ) жайғасты.

“Мен үлкен жауапкершілікті сезіндім. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Дәл осындай жетістікке Қазақстанда жеткенім қуанышты тіпті еселейді”, - деді Б.Асаубаева.

Ерлер арасындағы блицте тағы да Магнус Карлсенге тең келгендер болған жоқ. Ол Алматы өткен әлем чемпионатында қос алтын қанжығылады. Аталмыш жарыс түрінен жеңіс тұғырының екінші сатысына америкалық Хикару Накамура шықты. Үздік үштікті армениялық Хаик Мартиросян түйіндеді.

Турнирдің ұйымдастырушылары - ФИДЕ және Қазақстан шахмат федерациясы. Чемпионат Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілді.