Алматыда «Әділетті Қазақстан – Жастардың таңдауы» акциясы басталды

Алматыда  «Әділетті Қазақстан – Жастардың таңдауы» акциясы басталды
Сурет: Assembly.kz

 Жастардың таңдауы - жемқорлықсыз мемлекет.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің акциясына арналған брифинг өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қалалық филиалының директоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің мүшесі Бауыржан Мақұлбаев жарияланған акцияның жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру үшін тартуға бағытталғанын айтты. Бұл идеяны белгілі кәсіби боксшы, Олимпиада ойындарының қол жүлдегері Қанат Ислам қолдады. 

Спикер сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығы оның жан-жақты болуы қажеттігінде деп есептейді. Тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамның біріккен күш-жігері қажет.

Сондықтан да осыған дейін акция аясында «Әділдік жолы» мен Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында студент жастарды науқанға тартуға және университеттер қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. 

Бауыржан Мақұлбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге қатысты сұрақтар бойынша тегін кеңес алуға болатын  арнайы 1463 колл орталық қосылғанын айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде жастардан хабарламаларды қабылдап, өзекті жаңалықтарды жеткізетін парақшалар ашылды.   

Акциямен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеялар мен жобалардың үздіктерін анықтауға арналған байқаудың да басталатыны жарияланды, онда әрбір адам жемқорлыққа қарсы өз көзқарасын ұсына алады. 

 Өтінімдер info@adildik.kz электронды мекенжайы бойынша 2023 жылдың 15 қаңтарына дейін қабылданады. Одан кейін байқау комиссиясы еліміздің әр өңіріндегі үздік жұмыстарды таңдап, бағалы сыйлықтармен марапаттайды. Сонымен қатар, кейбір идеялар эксперименттік пилоттық жобалар ретінде жүзеге асырылады.

 «Қазақстанның жалпы жастарын аталған акцияға белсенді қатысуға шақырамыз. Әділетті Қазақстанды қалыптастыру әрбір азаматқа байланысты және бірінші кезекте, жастарға байланысты. Алматыдағы «Әділдік Жолы» РҚБ филиалының байланыс телефоны 8 701 222 65 55», - деп хабарлады Б.Мақұлбаев. 

Брифинг жұмысына сонымен бірге, кәсіби боксшы Қанат Ислам қатысты, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет туралы идеяны қолдады.

«Мен осы акцияға қатысатыным үшін өте қуаныштымын. Қазақстан азаматы, бір жағынан ата-ана ретінде біз әрқашан әділеттілікті талап етеміз. Қазір балаларымыз өсіп келеді, бәріміз ата-ана ретінде Жаңа Қазақстанда, жемқорлықсыз мемлекетте жақсы өмір сүргіміз келеді», - деді Қ.Ислам.