Алматыда адам саудасының жеті дерегі анықталды

Алматыда адам саудасының жеті дерегі анықталды
Сурет: Inform.kz

Алматыда жыл басынан бері адам саудасының жеті дерегі анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Руслан Смағұловтың хабарлауынша, Алматыда жыл басынан бері адам саудасына қатысты жеті қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.

«Атап айтқанда, жезөкшелікпен айналысуға арналған үйді ұйымдастыру және ұстау бойынша бес дерек, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартудың бір дерегі және жаңа туған сәбиді сатуға оқталудың бір дерегі әшкереленді. Қазіргі уақытта аталған эпизодтар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде. Кінәлілер жасаған әрекеттері үшін заң аясында қатаң жауап беретін болады», – деді Руслан Смағұлов. Ол сондай-ақ кез келген жан адам саудасының құрбанына айналуы мүмкін екенін атап өтті.

«Тәжірибе кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен сәбилердің де қорғалмағанын көрсетеді. Осы орайда адам саудасымен күресте қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың рөлі де маңызды», – деді ол.