Алматыда 84 мыңнан астам ағаш апатты жағдайда

Алматыда 84 мыңнан астам ағаш апатты жағдайда
Сурет: Almaty.tv

Апатты ағаштарды кесу бағдарламасы жасалып жатыр.

Алматы қаласында 2,8 млн жасыл желек болса, 84 мыңы жарамсыз, апатты жағдайда. Бұл туралы қалалық жасыл экономика басқарма басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Алматыда 2 809 183 ағаш пен бұта бар. Оның ішінде сау ағаш – 1 946 234, кәрі ағаш – 360 309, жас өскіндер – 418 012 және апатты 84 628 ағаш бар», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, адам өміріне, денсаулығына, мүлкіне қауіп төндіретін өзегі шіріген жасыл желектердің басым бөлігі қаланың орталығында өсіп тұр. Көше бойында 34 962, аулаларда 49 666 ағаш бар.

«Жыл сайын аудандық әкімдіктерге 1,9 мың ағаш кесуге және оның орнына міндетті түрде 19 мың түп ағаш отырғызу үшін 54 млн теңге бөлінеді», - деді спикер.

Сонымен қатар, ол қаладағы барлық апатты ағаштарды кесу бағдарламасы жасалып жатқанын тілге тиек етті. Әр кесілген талдың орнына 10 көшеттен отырғызылады.