Алматыда 78 адам сот шешімімен өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды

Алматыда 78 адам сот шешімімен өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды
Сурет: Ernur.kz

Алматыда рейд барысында 4 күн ішінде көлікті мас күйінде жүргізген 21 адам ұсталды

Алматы қаласының 78 тұрғыны өмір бойына көлік жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, анықтау басқармасы бір жарым жыл ішінде ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-ші және 2-ші бөліктерінде көзделген қылмыс белгілері бойынша 66 қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдаған.

«Сот шешімімен 78 жүргізуші өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, оларға 1 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің нақты мерзімі тағайындалды. Қазіргі таңда 8 қылмыстық іс сот тергеуінде», - деді Алматы қалалық анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

Ұсталған жүргізушілер арасында қылмысын бірнеше мәрте қайталғандар да бар. Солардың бірі – А. есімді азамат. Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының экипажына Байтұрсынұлы мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында ұсталды. Наркологиялық сараптама көрсеткендей, жүргізуші орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болды.

«Алғаш рет көлік жүргізу құқығынан 2017 жылы айырылдым, рөлге мас күйде отырдым. Жаза мерзімі біткен жоқ. 2020 жылы тағы да мас күйде ұсталдым. Сол кезде мен ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылдым және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылдым. Бірақ, өткен күні мені тағы да тоқтатты, тағы масаң күйде болдым. Бұл ісіме қатты өкінемін», - деді ол.

Еске салсақ, жуырда Алматының жергілікті полиция қызметі рейдтік іс-шара кезінде 4 күнде мас күйінде көлік айдаған 21 жүргізушіні ұстаған болатын.