Алматыда 37 этномәдени бірлестік жұмыс істейді

Алматыда 37 этномәдени бірлестік жұмыс істейді
Cурет: Inform.kz

Алматыда ұлтаралық достық пен қоғамдық келісімді сақтауда еңбегі сіңген азаматтар көп

Бүгінде Алматыда 37 қалалық этномәдени бірлестік бар. Бұл туралы агенттік тілшісінің сауалына қала әкімдігінің берген жауабында айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әкімдік мәліметіне сәйкес, Алматыда ұлтаралық достық пен қоғамдық келісімді сақтауда еңбегі сіңген азаматтар көп. Олардың қатарында «Ирныхас «Осетин мәдени – ағарту орталығының» төрағасы Казбек Мамсуров, Қазақстандық Орыс мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашев, «Қазақстан ұйғырлар қауымдастығы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Абайдуллам Жапаров, «Қазақстан ұйғырлар қауымдастығы» Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Абдухалил Долкунтай, Түрік мәдени орталығы төрағасының орынбасары Казакбай Касимов, Өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Абдулла Исматуллаев, Ұйғыр мәдени орталығы төрағасының орынбасары Махинур Исраилова, «Ильдаш» татар гуманитарлық даму орталығының төрағасы Нурия Ниязова, «Ариана» ауған орталығының төрағасы Васток Ахмадулла бар.

Сондай-ақ Алматыдағы «Достық үйі» ұлтаралық келісімнің нығаюына септігін тигізіп келеді. Бүгінде мұнда этномәдени бірлестіктердің әр өкілінің кабинеті мен жиналыстар өткізілетін жалпы мәжіліс залы бар.

Айта кетейік, Алматыда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік шаралар басталып кетті. Мысалы, Ішкі істер министрлігінің академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп мерекелік концерт өткізді. Ал 1 мамырда Республика сарайының жанында жалпықалалық концерттік бағдарлама ұсынылады.

Бұған дейін Алматы әкімдігі Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған негізгі мерекелік іс-шаралар Республика сарайы алдындағы Абай алаңында өтетінін хабарлаған болатын.