Шаһарда 3000-нан астам көппәтерлі тұрғын үй басқарудың жаңа түрлеріне көшті

Шаһарда 3000-нан астам көппәтерлі тұрғын үй басқарудың жаңа түрлеріне көшті
Сурет: Оdomah.kz

Алматыда ПИК-тің МИБ-ге ауысуы белсенді қарқынмен жүруде

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында қала әкімінің орынбасары Серік Құсайынов хабарлады. Оның айтуынша, егер бұрын мегаполис тұрғындары әдеттегі ПИК-тен бас тартуға асықпаса, қазір үйлерді басқару нысанын жаппай өзгертіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Еске салсақ, Алматыда «бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша меншік иелері бірлестіктерінің институты енгізілуде. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында реформаны жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Алматы әкімінің орынбасары С. Құсайынов атап өткендей, қалада МИБ және ЖС-ге көшу жұмыстары белсенді қарқынмен жүргізілуде.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қайта жүктеу қажеттігі бұрыннан пісіп-жетілді. Көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан ПИК-тер кооператив төрағаларының жұмысы сияқты үй тұрғындары тарапынан көптеген наразылықтар туғызды»   , - деп хабарлады қала әкімінің орынбасары.

Ол басқарудың жаңа формаларының көптеген артықшылықтары бар екеніне сенімді: төрағаны бір жылға ғана таңдау мүмкіндігінен бастап, тұрғындар жинаған қаражатты пайдаланудың ашықтығына дейін.

Алматыда 8 645 көппәтерлі тұрғын үй бар, оларға әзірге 820 басқару органдары (ПИК, ТК, ПИТК және т.б.) қызмет көрсетеді. Алайда, 2022 жылдың шілдесіне дейін барлығы МИБ немесе ЖС-ға көшу туралы шешім қабылдаулары тиіс. Ол үшін Алматыда әкімдіктердің қызметкерлерінен тұратын сегіз мобильді топ құрылып, олар тұрғындармен жиналыс өткізіп, ақпараттандырады. Жыл басынан бері 2500 көпқабатты үйдің тұрғындарымен 800 жиналыс өтті.

«Бүгінде мүлік иелерінің 623 бірлестігі (МИБ) тіркеліп, 2 185 жай серіктестік (ЖС) таңдалды. Алматы қаласы бойынша барлығы 3 001 көпқабатты үйді қамтитын басқарудың 2 808 жаңа нысаны тіркелген, бұл 40%-ды құрайды»   , - деп хабарлады С. Құсайынов.

Айта кетерлігі, МИБ және ЖС-ке көшкен пәтер иелері үйге қызмет көрсетудің қандай тарифін, тұрғын емес үй-жайларды қалай пайдалану керектігін және т. б. таңдай алады.