Алматыда 22 жаттықтырушы балаларға ашық спорт алаңдарында сабақ өткізеді

Алматыда 22 жаттықтырушы балаларға ашық спорт алаңдарында сабақ өткізеді
Сурет: Sportburo-ural.ru

Бұл тәжірибе бірнеше жыл бұрын қалалық спорт басқармасының бастамасымен мегаполисте пайда болды. Бүгін «Еңбек» бағдарламасы аясында 22 маман жұмысқа кірісті, олар 500-ге жуық баланы оқытады.

Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов бұл жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Рүстем Байсейітов атап өткендей, Алматының алты ауданында жекпе-жекті оқыту орталықтары ашылды. Жаттығуларды балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 14 жаттықтырушысы жүргізеді. Сонымен қатар қаланың 8 ауданындағы 50 демалыс орталығында спорт секциялары мен үйірмелері ақысыз жұмыс жасайды, оларда 5 280 адам қамтылған.

Спорт басқармасының басшысы 2023 жылға қарай қаладағы орталықтарды 200-ге дейін жеткізу жоспарланып отырғанын, биыл қосымша 50 орталық ашылатынын айтты.

Рүстем Байсейітов алматылық мектеп оқушыларының жазғы демалыс кезінде спорттық өмірге қалай тартылғанын айтып берді.

«Биыл 8-12 жас аралығындағы балаларға жүзу негіздері бойынша тегін оқытудың қалалық бағдарламасы қолданылды. Барлығы 2100 бала қамтылды, оның ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілері  де бар. Сондай-ақ, Алматы қаласының аулалық командалары арасында 4500-ден астам баланы қамтитын футбол лигалары ұйымдастырылды», - деді Рүстем Байсейітов.