Алматыда 2022 жылы 3,6 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталды

Алматыда 2022 жылы 3,6 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталды
sandi.ru

Өткен жылмен салыстырғанда онкологиялық дертке шалдыққандар саны 303 адамға өсті. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қалалық онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов жыл сайын әрбір бесінші науқас Алматыға сапалы медициналық көмек алу үшін Қазақстанның басқа өңірінен келетінін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім бойынша бірінші орында – сүт безі обыры (14,7%, 533 жағдай), екінші – колоректальді қатерлі ісігі (9,3%, 337 жағдай), үшінші – өкпе қатерлі ісігі (7,5%, 273 жағдай),  төртінші – асқазан қатерлі ісігі (5,1%, 186 жағдай) тұр. 

Маңызды атап өтетін жайт, онкологиялық науқастар саны жыл сайын көбейгенмен, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өлім көрсеткіші төмендеген. Бұл Алматы қаласындағы онкологияға шалдыққан науқастардың емдеумен толық қамтылуымен және қала емханаларында ауруды ерте анықтау мақсатында диагностиканың артуымен байланысты. Қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау 36,3%-ға дейін өскен.

2022 жылдың 9 айында онкологиялық ауруды ерте анықтау бойынша скринингтік жоспардың орындалуы 86,7% құрады, 137 қатерлі ісік дерті анықталды.

Нұрсұлтан Ізбағамбетов скринг арқылы тексерілу маңыздылығын атап өтті. 

«Уақтылы диагностикадан өту қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, соның арқасында біздің де адамды кейбір жағдайларда толық емдеуге мүмкіндігіміз жоғары», - деп атап өтті маман.  - Науқастың өмір сүру сапасы біз оны ауыр ем жасалатын химиятерапия және радикалды операциялар қолданылатын үшінші немесе төртінші кезеңде емдей бастағанымыздан гөрі ертерек бастау бірнеше есе жақсырақ болады. Ісік әлі ұлғаймай тұрып онымен күресу науқас үшін оның одан кейінгі өміріне жеңіл әрі тиімдірек болады».

Тиімділігі дәлелденген қатерлі ісік скринингінің әдістері: 40-70 жастағы әйелдерде екі жылда бір рет сүт безі обырының маммографиялық скринингі; 30-70 жас аралығындағы әйелдерде төрт жылда бір рет ісік алды және жатыр мойны обырына цитологиялық скрининг жүргізу; 50-70 жас аралығында екі жылда бір рет жасырын қан анализі, колоноскопия арқылы тоқ ішектің және тік ішектің қатерлі ісігіне және ісік алды ауруларына скрининг жүргізіліп тұрады.