Алматыда «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2021» атағының иегерлері марапатталды

Алматыда «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2021» атағының иегерлері марапатталды
Сурет: Vera.kz

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды

Республикалық конкурстық комиссия өз ісінің үздіктерін таңдады. Қазақстандық 45 ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алды, бұл шамамен 6 млн теңге. Үздік педагогтерге марапаттарды Асхат Аймағамбетов табыстады.

«Мен барлық жеңімпаздарды құттықтаймын! Бұл – үлкен мәртебе, маңызды атақ. Ұстаздардың қоғамда алтын орны ерекше. «Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан», - деп ұлы Абай айтқандай, әділетті қоғам, мықты мемлекет болу үшін және Жаңа Қазақстанды құруда ұстаздардың орны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауының арқасында Білім және ғылым саласында үлкен оң өзгерістер болып жатыр. Соның ішінде, әсіресе, педагогтердің статусын көтеру бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр»,- деді Асхат Аймағамбетов.

Конкурсқа еліміздің 76 жоғары оқу орнынан барлығы 718 үміткер қатысты. Конкурста электронды оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т.б. сияқты көрсеткіштер бағаланды, сондай-ақ үміткердің оқыту сапасы, оның бакалавриатта, магистратурада және докторантурада кадрлар даярлау қызметіндегі еңбегі бағаланды.

Конкурс жыл сайын оқытушылардың беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамытуға ынталандыру мақсатында өткізіледі. Айта кетейік, конкурс ҚР БҒМ ақпараттық жүйесінің базасында өтті, оның көмегімен қатысушыларда барлық кезеңнің ашықтығын бақылауға мүмкіндік болды.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар да электрондық форматта қабылданды. Бұл конкурсты өткізудің ашықтығын қамтамасыз етті. Сондай-ақ комиссия құрамында ҮЕҰ, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері және білім беру саласындағы сарапшылар болды.