Алматыда 2 млн теңгедей айыппұлы бар жүргізуші анықталды

Алматыда 2 млн теңгедей айыппұлы бар жүргізуші анықталды
Сурет: Polisia.kz

Айыппұлы бар көлік “Қорғау – Қауіпті жүргізуші” автоматтандырылған жүйесінің көмегімен анықталды.

1,8 млн теңгеге жуық айыппұлы бар Toyota Ipsum көлігін шаһардың Әуезов ауданының полицейлері ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

"Бұған дейін хабарланғандай, жол қозғалысын реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында “Қорғау – Қауіпті жүргізуші” автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді, ол жалған мемлекеттік нөмірлері бар автокөліктерді және сақтандыру полисінсіз жүрген шетелдік МТНБ бар автокөліктерді, сондай-ақ жалпы ағыннан көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, бір күн бұрын Қырғызстанда тіркелген, жалпы сомасы 1 782 090 теңгені құрайтын айыппұлдары бар Toyota Ipsum көлігі ұсталды. Минивенді 55 жастағы жергілікті тұрғын басқарған. Бұл көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды", – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.

Спикердің айтуынша, қалада жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланатын, көліктерге арнайы дабыл беру құрылғыларын орнатқан көлік жүргізушілерін, сондай-ақ көлік құралдарын мас күйінде басқарған адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жалғасуда.