Алматыда 19 мыңға жуық адам Pfizer вакцинасын алды

Алматыда 19 мыңға жуық адам Pfizer вакцинасын алды
Сурет: Gov.kz

Алматы қаласында бір тәулікте 4657 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«7 желтоқсан күні 4657 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін 2 256, II компонентін 2401 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 7 желтоқсан аралығында қалада 1 030 802 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 988 275 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 122 639 адамның жасы 60-тан асқан», - деп хабарлады басқармадан.

Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 18 756 адам салдырды. Оның ішінде 1099 жүкті әйел, 3833 бала емізетін ана және 13824 жасөспірім бар. Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 756 адамнан тұратын 201 егу бригадасы бар. «Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.