Алматыда 11 жастағы қыздың асқазанынан 1 кг шаш алынды

Алматыда 11 жастағы қыздың асқазанынан 1 кг шаш алынды
Сурет: Ашық дереккөз

Бұл - биыл тіркелген алғашқы жағдай

Алматылық дәрігерлер 11 жасар қызға шұғыл операция жасап, асқазанынан бір келі шаш алып шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап.

Жеткіншектің іші ауырып, бір апта бойы құсып, тәбеті болмаған соң, медициналық көмекке жүгінген. Тексеру кезінде, ас қорыту жүйесінен бөгде зат анықталып, «асқазанның трихобезоары» деген диагноз қойылған. 

Дәрігерлер науқасқа операция жасап, ұзындығы 16 см, салмағы бір келіге жететін шаш пен жүннен жиналған затты алып тастаған. Қалалық «Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының» мәліметінше, мұндай жағдай сирек кездеседі. Бұл - биыл тіркелген алғашқы жағдай.

«Негізі жылдап пайда болады ғой. Айлап. Бір күнде, бір аптада пайда болмайды. Балада жағымсыз әдеттер болған ғой. Шашын тістеп, шайнап жұта берген ғой. Үйіне осы аптаның аяғында шығарамыз», - дейді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бөлім меңгерушісі Саматбек Әбдіманапұлы.