Алматы әкімі қала ауасының сапасы қашан жақсара бастайтынын айтты

Алматы әкімі қала ауасының сапасы қашан жақсара бастайтынын айтты
Сурет: Travelinlife.ru

Шаһардағы ЖЭС газға көшіргенде, алматылықтар ауаның тазарғанын сезіне бастайды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде өткен инженерлік инфрақұрылымды дамытудың онлайн-презентациясы барысында мегаполистің экологиясын жақсарту мәселесіне тоқталып кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде қаладағы жылу электр стансалары газға көшкенде, қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары үйлерін көмірмен емес, газбен жылыта бастағанда, алматылықтар қала ауасының жақсарғанын сезіне бастайды дегенді айтты.

«Біздің қаламыздың ауасын жылу электр стансасы 27-30% ластайды, яғни 38 тонна зиянды зат шығарады, оған қала маңындағы көмір жағып отырған үйлерді қосыңыз. Жылу электр стансасы да, үйлерін қыста көмірмен жылытатын жеке сектор да қаланың төмен жағында орналасқан. Сол себептен төмен жақтан шыққан бұлт қала ауасын ластап келеді. Ал қаладағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға көшірсек, шаһар маңындағы үйлер газға ауысса, алматылықтар ауаның тазарғанын бірден сезіне бастайды», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар қала әкімі түрлі ғалымдардың Алматы экологиясын жақсатуға арналған ұсыныстары барын айтты. Алматы экологиясын жақсарту мақсатында соның барлығы зерттелуі тиіс.

Жоспар бойынша, Алматыда ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 2024-2025 жылы толығымен газға ауысады деп күтілуде.