Алматы қаласының ТЖД қызметкерлері қала тұрғындарына сақ болуды ескертті

Алматы қаласының ТЖД қызметкерлері қала тұрғындарына сақ болуды ескертті
Сурет: Zen.yandex.ru

Ауа температурасының төмендеуіне байланысты техногендік өрттердің шығу ықтималдығы артады.

Қала құтқарушылары алматылықтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Ауа температурасының төмендеуіне байланысты техногендік өрттің шығу ықтималдығы артады, сондықтан ақауы бар электр құрылғыларын қолданбаңыз және оларды желіде қосулы күйінде қараусыз қалдырмаңыз. Жылыту қазандықтары мен пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз. Түтін мұржаларын уақтылы тазалап, тексеру қажет», - делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, жылыту пештерін қараусыз немесе жас балалардың қарауында қалдыру қауіпті. Қызып кетпеу үшін пешті күніне екі-үш рет, бір жарым сағаттан артық қыздырмау керек.

Сонымен қатар, бір желіге бірнеше энергияны қажет ететін құрылғыларды қоспау керек, өйткені электр желісінің шамадан тыс жүктелуі қысқа тұйықталуға және өртке әкелуі мүмкін.

Төтенше жағдайда «101» және «112» жедел телефондарын теріңіз.

«Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!», - дейді құтқарушылар.