Алматы қаласының Бостандық ауданында жыл соңына дейін 1 600-ден астам оқушыға есептелген жаңа ғимараттар ашылмақ

Алматы қаласының Бостандық ауданында жыл соңына дейін 1 600-ден астам оқушыға есептелген жаңа ғимараттар ашылмақ
Сурет: Рhotogoroda.com

2021 жылы ауданда үш мектеп күрделі жөндеуден өтеді, бес мектептің жаңа ғимараты, сондай-ақ жаңа балабақша салынады.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов осылай деді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Орта білім беру инфрақұрылымы туралы айтатын болсақ, біздің ауданда жобалық қуаты 26 373 орынды 34 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, онда нақтылы 36 269 оқушы оқиды және 8 587 оқушыны қамтитын 21 жеке мектеп бар. Оқушы орындарының тапшылығы 4 475 бірлікті құрайды», – деді Бостандық ауданының әкімі.
 
Аудандағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесі бұрыннан бар білім беру нысандарын кеңейту арқылы шешілетін болады.

«Қазіргі кезде үш мектептің жаңа корпустарының құрылысы жүргізілуде: Оларға 600 орындық №38, 300 орындық №191 мен 425 орындық №199 гимназия кіреді. №60 гимназияға 600 орындық жапсаржай құрылысы аяқталды. «Базис-А» инвестор-кәсіпорнының есебінен 300 орындық №65 жалпы білім беретін мектептердің және №146 лицейдің жаңа корпустарының құрылысы басталды», – деді Алтай Рахымбетов.

Сондай-ақ №81 мектеп-гимназиясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. №40 және №45 мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтуде. Орбита-3 шағынауданындағы №145 мектепті қалпына келтіру, сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеу жоспарланған.
 Алтай Рахымбетов Бостандық ауданында мектеп жасына дейінгі 10 423 баланы қамтитын 30 мемлекеттік, 36 жекеменшік балабақша мен 36 шағын орталық жұмыс істейтінін айтты.
 
«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Балапан» республикалық бағдарламасы бойынша ауданда 19 ұйым жұмыс істейді, оларға 984 бала барады», – деді аудан әкімі.
 

Ауданда жыл соңына дейін №21 гимназия аумағында 120 орынды жаңа балабақша салынады. №71 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
 

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы тақырыбын жалғастыра отырып, аудан әкімі осы жылдың соңына дейін «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын іске асыру аясында ЖИТС орталығының бөлімшесі бар хоспис ғимаратының (қазіргі уақытта ЖСҚ әзірлеуге конкурс жарияланды, Құлжа трактісі ауданында жер телімі бөлінді) және 70 кереуеттік «Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының» жаңа корпусының құрылысы жоспарланғанын хабарлады.