Алматыда мониторингтік топ ресей блогері қатысқан іс-шараны тоқтатты

Алматыда мониторингтік  топ ресей блогері қатысқан  іс-шараны  тоқтатты
Сурет: Lenta.ru

Алматыдағы карантиндік бақылау тобы әйгілі ресейлік блогер Гусейн Гасановтың қатысуымен өткен іс-шараны қаланың ойын-сауық орындарының бірінде тоқтатты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторинг тобы төрағасының орынбасары Рафаэль Хасанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Кеше қалада күшейтілген бақылау жүргізілді. Бұл күн сайын жүзеге асырылады. Кешке Ремизовка бағытында біз келген мекемелердің бірінде Гусейн Гасанов жастар арасында болды. Біз олардың думанының шырқын бұздық, - деді Хасанов.

Сонымен қатар ол жастардың жедел түрде мекемеден кетіп қалғанын қосты. Соған қарамастан, арнайы мониторинг тобы төрағасының орынбасары уәкілетті органдарды кештің ұйымдастырушылары мен қонақтарын жауапкершілікке тартуға шақырды.

«Мен ресейлік блогерге қалада шектеу шаралары күшінде екенін еске салғым келді. Ал оның кешегі әрекеті маған қолайсыз болып көрінді. Мен мұндай карантин тәртібін бұзуға Қазақстан Республикасының аумағында жол берілмейді деп санаймын. Елге келген кез келген қонақ қолданыстағы заңдарды сақтауы керек. Оның қанша жазылушысы болса да, ешкімге мұндай әрекетке баруына жол берілмейді», - деді Хасанов.