Станислав Канкуров: Жолдаудың басты мақсаттарының бірі – саяси жаңғыртуды жалғастыру және халықтың әл-ауқатын нығайту

Станислав Канкуров: Жолдаудың басты мақсаттарының бірі – саяси жаңғыртуды жалғастыру және халықтың әл-ауқатын нығайту
Сурет:Inform.kz

Бюджеттен қаржыланатын мәдениет және техникалық сала қызметкерлерінің еңбекақысы алдағы үш жыл аясында орта есеппен 20% арттырылады.

 Алматы қаласы мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров Қазақстан Президентінің Жолдауына байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялады. Келешек дамудың негізгі бағыттары айқындалып, мемлекетіміздегі өзекті проблемалар жан-жақты сарапталды және оларды еңсерудің жолдары белгіленді. Осы ретте Жолдаудағы саяси реформаларға тоқталып өтуді жөн көрдім.  

 Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларымен мемлекеттік басқару, сайлау, азаматтардың құқықтарын жүзеге асыру бойынша кешенді реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келді және бұл кешенді жұмыстар қазіргі уақытта да жалғасын табуда. Мәселен, Жолдау аясында саяси жаңғырту және демократия қағидаттарын кеңейту бойынша екі жыл барысында көптеген оң өзгерістер енгізілгендігі тілге тиек етілді. Саяси партиялардың Мәжіліске өту көрсеткіші 5%-ға дейін азайтылды. Сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» бағаны енгізілді.

 Осымен қатар жаңа Жолдауда азаматтардың мемлекетті басқару ісіне кеңінен араласуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыруға назар аударылды. Көріп отырғанымыздай саяси реформалар жүйелі жалғасын табуда. Бұл бастамалар халық игілігі үшін жасалып жатыр. Осы ретте ауыл әкімдерін тікелей сайлау аса маңызды қадам болды. Президент айтып өткендей, бұл - әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы. 2024 жылы азаматтар пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлауға мүмкіндік алатын болады.

 Келесі маңызды мәселе жергілікті өзін-өзі басқаруда азаматтық мәдениетті дамыту болды. Осы ретте Президент әкімшілігіне азаматтық бастамаларды қолдау бойынша тиімді механизм әзірлеу тапсырылды. Сайлау тізімдеріне 30% әйел азаматшалар мен жастардың үлесі бойынша нормалар енгізу саяси партиялардың өз жұмысының белсенділігін арттыруға және құрамдарын жасартуға итермеледі. Келесі кезеңде, яғни депутаттық мандаттарды бөлу аясында бұл бастама жалғасын табады. Аталмыш квотаны депутаттық мандарттар беру аясында заңнама тұрғысында бекіту тапсырылды. Осымен бірге, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды да жоғарыда аталған квотаға қосу бойынша өте орынды пікір айтылды. Бұл - инклюзивтік қағидаттарын күшейтудің тағы бір қадамы.      

 Тағы бір маңызды жәйт - қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету. Алдағы уақытта әлеуметтік бағдарламалар аясында көмекке шынымен мұқтаж жандарға жәрдем көрсетіледі. Бұл үшін арнайы әлеуметтік кодекс әзірленеді.  

 Жолдауда халық игілігі жолындағы бастамаларды ерекше атап өту керек. Олардың қатарында минималды еңбекақы көлемінің арттырылуы қарастырылған. Осының арқасында халқымыздың кірісі артып, макроэкономикалық дамуы күшейеді. Бұл шара тікелей 1 милионнан астам адамға әсер етеді, ал жанамалы түрде барлық еңбек етіп келе жатқан азаматтарға оң ықпалын тигізеді. 6,5 миллион жалдамалы қызметкерлердің еңбекақысының артуына мемлекет тарапынан арнайы ынталандыру шаралары қабылданады. Бұл аса маңызды қадам. Осымен бірге микро және шағын бизнестің еңбекақы төлеу қорына салықтық төлемдерді азайту да аса маңызды шара болады. Бұл көлеңкелі түрде еңбектеніп жүрген азаматтардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

 Бюджеттен қаржыланатын мәдениет және техникалық сала қызметкерлерінің еңбекақысының алдағы үш жыл аясында орта есеппен 20% арттырылып отыруын атап өткім келеді. Бұл жағымды жаңалық еліміздің 600 мыңға жуық азаматтарының әлеуметтік жағдайының нығаюына зор үлесін қосады. Тағы бір маңызды мәселе - әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, бюджеттік сала қызметкерлеріне, жас отбасылар мен мамандарға арналған бірыңғай мемлкеттік тұрғын үй бағдарламасы жасақталатын болады.

 Көріп отырғанымыздай,  Жолдауда халқымыздың әл-ауқатын нығайтуға арналған ауқымды мақсаттар мен міндеттер қарастырылған.