Алматы қаласы Алатау ауданында вакцина алғандар арасында тұрмыстық техника ойнатылды

Алматы қаласы Алатау ауданында вакцина алғандар арасында тұрмыстық техника ойнатылды
Сурет: Almaty-akshamy

Мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасады.

Алатау аудандық әкімдігінде вакцина алған азаматтар арасында тұрмыстық техника ұтыс ойыны өткізілді, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

2-30 маусым аралығында ауданның барлық екпе пункттерінде ұтыс ойынына қатысуға мүмкіндік беретін лотерея билеттері таратылды. Жеңімпаздар лототрондағы кездейсоқ іріктеу арқылы анықталды.

Соңғы лотерея ұтысына Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков қатысып, аудан тұрғындарына жауапты азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірді.

«Алматылық эпидемиологтар Сovid-19-ға қарсы екпе алудың ұжымдық иммунитетті қалыптастыруда маңызы зор екенін айтты. Вакцина қарқынын тездету үшін вакцина алғандарды ынталандыруды жөн көрдік. Коронавирустың төртінші толқынындамыз. Алматыда жаңа "дельта" штамы пайда болды. Ол өте қауіпті. Сондықтан ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз үлесін қосқан аудан тұрғындарына алғыс айтқым келеді», – деді аудан әкімі.

Алғашқы жүлдегерлерге 5 мультиварка берілді. Жеңімпаздардың арасында Алматы қаласының тұрғыны Анар Құсайынова да бар.

«Мен балаларымның қауіпсіздігі үшін вакцина алдым. Вакцина алған кезде маған билет беріліп, ұтыс ойынына шақырды. Мен ұтыс ойынының жеңімпазы болғаныма қуаныштымын», – деді Анар Құсайынова.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасады. Дәрігерлер қалада ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 75% вакцина алуы қажет екенін айтты.

Еске салсақ, Алматыда медициналық ұйымдарда, мектеп, мәдениет, спорт нысандарында, базар мен  қаланың СОСО-да 211 вакцина пункті жұмыс істейді (250-ге дейін ұлғайту мүмкіндігімен). 1 257 адам жұмылдырылған 304 екпе бригадасы қызмет атқарады.

2021 жылдың 1 ақпаны мен 2 шілдесі аралығында Алматыда барлығы 487 736 адам вакцина алды. Өткен тәулікте 15 292 адам екпе алды. 60 жастан жоғары вакцина алған адамдар саны  81 202 адамды құрайды.