Алматы зообағында Пржевальский жылқысы құлындады

Алматы зообағында Пржевальский жылқысы құлындады
Сурет: www.instagram.com/almatyzoo

Бұл жылқылар хайуанаттар бағының арқасында ғана аман қалды

Алматы зообағында Пржевальский жылқысының қатары да толыға түсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Зообақтың баспасөз қызметінің мәліметінше, Пржевальский жылқысының құлынына Кармела аты берілген.

«Бұл жылқылар хайуанаттар бағының арқасында ғана аман қалды деп айта аламыз. Пржевальск жылқысының жаңа төлінің өмірге келуі – үлкен қуанышты жағдай. Кішкентай құлынның тәбеті жақсы, сергек болып өсіп келеді. Кішкентай Кармелаға мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз», - деп жазылған Алматы зообағының Instagram-парақшасында.

Пржевальск жылқысы – жер бетінде біздің дәуірімізден бұрын пайда болған. Зообақтың хабарлауынша, олар Азия құрлығындағы жабайы жылқылардың ішіндегі ең сирек кездесетін түрі.

«Атақты орыс географы және зерттеушісі, полковник Николай Пржевальский бұл жабайы жылқы түрін 1878 жылы Орталық Азиядағы Лоб-Нор көлінің маңында кездестірген. Осы жаңалық ашылғаннан кейін Пржевальск жылқылары деп аталып кеткен. Олар Қазақстанның ғана емес, дүниежүзінің «Қызыл кітабына» енгізілген»,- деді зообақ өкілдері.

Бұған дейін Алматы зообағында керік төлдегенін жазған болатынбыз.