Алматы жолдары қысқы маусымға толықтай дайын

Алматы жолдары қысқы маусымға толықтай дайын
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Биыл кәсіпорын есебінен 263,6 млн теңгеге 22 техника сатып алынған.

 «Алматы тазалық» кәсіпорны қыс мауысымына дайын. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында  өткен брифингке кәсіпорын директоры Әділет Тоқтасынов қатысты, тазалау техникалары мен жұмысшылардың қазіргі дайындығы туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы тазалық» кәсіпорнының директоры Әділет Тоқтасыновтың айтуынша, қыс кезінде кәсіпорын 704 мамандандырылған техниканы (612 бірлік жекеменшік және 92 бірлік қосалқы мердігерлер) жұмылдырады.

 «Қазіргі уақытта 173 құрамалы тазалау машиналарының 156-сы (90%) жолдарды қыста күтіп ұстауға арналған қондырмалармен ауыстырылды. 8 және 16 қарашада жауған қар кезінде 2105 тонна техникалық тұз және 1998 тонна құм-тұз қоспасы жұмсалды. Қала көшелерінен қар үйінділеріне 388 текше метр қар шығарылды», - деді ӨКҚ спикері.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қысқы маусымға кәсіпорынның 728 жол жұмысшысы, 272 механизатор және 398 жүргізушісі жұмылдырылады (кәсіпорынның жалпы штат саны 1728 адам). Сонымен қатар, күзгі-қысқы кезеңге қосалқы мердігерлер есебінен қала көшелеріндегі жапырақтар мен қарды тазалау және шығару үшін 1000-ға жуық жол жұмысшыларын және 200-ге жуық арнайы техниканы (самосвалдар, алдыңғы тиегіштер) тарту жоспарлануда.

Сондай-ақ «Алматы тазалық» мекемесінің директоры кәсіпорынның 7 өндірістік базасы, сондай-ақ 7 құм базасы бар екенін айтты. Олардың барлығы қажетті материалдық-техникалық ресурстармен жабдықталған.

Жол бөлігіне көктайғаққа қарсы материалдар себу үшін 15 мың тонна тұз және 38 мың тонна тұз қалдығы сатып алу жоспарлануда, оның ішінде 17 мың тоннаға жуық тұз және 38 мың тонна тұз қалдығы дайындалды. Қосалқы мердігерлер 2124 тонна тұз, 9700 тонна тұз қалдығын дайындау жоспарлап отыр.

Айта кету керек, биылғы жылдың соңына дейін коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы 669,3 млн теңгеге 17 техника сатып алуды жоспарлап отыр .

Сөз соңында ӨКҚ спикері биылғы жылы кәсіпорын есебінен 263,6 млн теңгеге 22 техника сатып алынғанын қосты. Бұл - трактордың жартылай тіркемесі, битум пеші және т.б техникалар.