«Алматы жылу желілеріне» 17,5 миллион теңге айыппұл салынды

«Алматы жылу желілеріне» 17,5 миллион теңге айыппұл салынды
Сурет: Egemen.kz

«Алматы жылу желілері» ЖШС-нен бірқатар заңбұзушылықтар анықталды

Айыппұл салуға ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің «Алматы жылу желілері» ЖШС қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізуі негіз болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесі бойынша 2019 жылдың 1 желтоқсанынан 2021 жылдың 30 желтоқсанына дейінгі аралықта «Алматы жылу желілері» ЖШС тұтынушылармен техникалық ережелерді сақтамай шарттар жасасып, жылумен жабдықтау қызметтерін көрсетуде бұзушылықтар жасағаны анықталған. Сонымен қатар тексеру аясында Алматы қаласын жылумен және ыстық сумен жабдықтау қызметін көрсететін табиғи монополия субъектісі болып табылатын «Алматы жылу желілері» ЖШС тұтынушыларға көрсетілетін қызметке қол жеткізу үшін бірдей жағдай жасамағаны анықталды», - деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті.

Монополияға қарсы органның мамандары сонымен қатар АЛТҚ мен тұтынушылар арасындағы жылумен жабдықтау қызметтерін көрсетуге арналған шарттар Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 24 маусымдағы № 58 бұйрығымен бекітілген Үлгілік шарттардан мазмұны жағынан ерекшеленетінін анықтады.