Алматы ЖЭО-2-ні салушы мердігермен келісімшартқа қол қойылды

Алматы ЖЭО-2-ні салушы мердігермен келісімшартқа қол қойылды
Сурет: Ашық дереккөз

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасына сәйкес, электр қуаты 600 МВт-ға дейінгі және жылу қуаты 957 Гкал/сағ дейінгі газ турбиналы ЖЭО салу көзделіп отыр

Бүгін Алматы қаласында газбен жанатын жаңа Алматы ЖЭО-2-ні салушы мердігермен шартқа қол қойылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

EPC-келісімшарт жобалау, жабдықты жеткізу, құрылыс-монтаждау және іске қосу-реттеу жұмыстары, пайдалануға беру сияқты жұмыстың толық циклінің орындалуын білдіреді. Жаңа станция жұмыс істеп тұрған ЖЭО алаңына салынады, онда бүгінгі күні негізгі отын ретінде көмір, ал іске қосар кезде мазут пайдаланылады.

Жаңа газ-турбиналық ЖЭО-ны салушы мердігер энергетика саласындағы «Dongfang Electric International Corporation», «Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co., Ltd», «Powerchina Hebei Electric Power Engineering Co., Ltd» жобаларын іске асыруға мамандандырылған үш ірі қытайлық компаниялар консорциумы болды. Консорциум  дегеніміз – компаниялар одағы, олардың біріншісі – өнеркәсіптік жабдықтардың ірі өндірушісі, екіншісінің  жобаларды ЕРС-шарттары бойынша іске асыру тәжірибесі бар, үшіншісі – жобалау жұмыстарына маманданған компания.

Бұл таңдау «Алматы ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып, жаңғырту» жобасы шеңберінде Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) халықаралық стандарттары мен қағидалары бойынша өткен екі кезеңді ашық халықаралық тендердің қорытындыларымен айқындалды.  Естеріңізге сала кетейік, EPC мердігерін анықтауға арналған тендер өткен жылдың қазан айында жарияланған болатын. 2023 жылдың қаңтарында конкурстың 1-кезеңіне қатысушылардың өтінімдері (біліктілікті іріктеу) ашылды. Барлығы 6 қатысушыдан өтінімдер келіп түсті. Тендердің 2-кезеңі аясында екі өтінім қаралды. Нәтижесінде, ЕҚДБ ережелеріне сәйкес, конкурс өтті деп саналады және банк 2023 жылдың мамыр айының соңында оның жеңімпазы – үш қытайлық компанияның консорциумын растады. 

EPC-келісімшартқа қол қою Алматы ЖЭО-2 аумағында, жаңа станцияға бөлінген жерде өтті. Іс-шара «Самұрық-Қазына» қоры, ҚР-дағы ҚХР Елшілігі, ҚР Энергетика министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «Самұрық-Энерго»АҚ өкілдерінің қатысуымен өтті. Тапсырыс беруші тарапынан келісімшартқа «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) Басқарма Төрағасы Еран Қырқынбаев, мердігер тарапынан – Цзян Лисян мырза, «Dongfang Electric International Corporation» компаниясының халықаралық маркетинг бөлімі бас директорының орынбасары қол қойды.

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасына сәйкес электр қуаты 600 МВт-ға дейінгі және жылу қуаты 957 Гкал/сағ дейінгі газ турбиналы ЖЭО салу көзделіп отыр. Станцияға газ турбиналық блоктардың корпусы мен су жылыту қазандығы кіреді.Жобаның мақсаты - ЖЭО-2-ні табиғи газды жағуға ауыстыру есебінен станцияның Алматы қаласының экологиялық жағдайына теріс әсерін азайту. Жобаны аяқтау және станцияны пайдалануға беру 2026 жылдың желтоқсанына жоспарлануда. 

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Түйтебаевтың айтуынша, Алматының екі станциясы – ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылғаннан, қайта жаңартылғаннан және газға ауыстырылғаннан кейін қала атмосферасына зиянды заттардың шығарындылары 92%-ға төмендейді. Төмендеуге Еуропалық одақтың талаптары деңгейінде атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын қамтамасыз ететін тиімді газ турбиналы қондырғыларда табиғи газды пайдалану есебінен қол жеткізілетін болады. Сонымен қатар, көмірдің негізгі отынын газға ауыстыру нәтижесінде күл-қож қалдықтарының түзілуі мен көмілуі алынып тасталады. Қолданыстағы күл үйіндісінің орнында өндірістік ағындарды кәдеге жарату үшін булану алаңдары көзделеді.

Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының айтуынша, жоба Қазақстанның оңтүстік аймағындағы электр қуаты нарығының тапшылығын жабуға бағытталған.

2022 жылдың қарашасында станция иесі АлЭС пен ЕҚДБ арасында Жобаны қаржыландыру туралы несиелік келісім жасалды. Жалпы, жобаны қаржылық қолдауды ЕҚДБ-дан басқа Азия Даму Банкі (АДБ) және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) кіретін халықаралық және қазақстандық қаржы құрылымдары жүзеге асыратын болады. АДБ және ҚДБ-мен тиісті құжаттарға қол қою 2023 жылғы маусымға жоспарланып отыр. Қаржыландыру «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік кепілдіктерімен жүзеге асырылады, бұл сарапшылардың бағалауы бойынша тәуекелдерді азайтуға және кредиттеу шарттарын жақсартуға ықпал етеді.