Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі

Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі
Суреттер: ҚР Суретшілер одағы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты қалалық көрме өтті.

ҚР Суретшілер одағы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 19 қыркүйекте Қала күнінде басталып, 10 күнге созылған кескіндеме бойынша қалалық пленэр өткізген болатын. Сол іс-шарада орындалған жұмыстар аталмыш көрмеде ұсынылады. Жобаға барлығы 15 суретші қатысты. Олардың ішінде ҚР Суретшілер одағының 10 мүшесі және ҚР Суретшілер одағы жанындағы  Жас суретшілер одағының 5 мүшесі бар. Бұл бес жас суретші - 1991 жылы туылған, яғни, Тәуелсіздіктің құрдастары. Жобаның мақсаты қала дамуының үш кезеңін көрсету болып табылады. Верный қаласының дамуының ерте кезеңіндегі құрылыстар, оның ішінде ХІХ ғасырдағы ағаш ғимараттар бейнеленеді. Сонымен қатар сәулет өнерінің өзіндік стилі бар әрі қазіргі уақытта мемлекеттің қорғауына алынған кеңестік кезеңнің көптеген ғимараттары және ХХІ ғасырдың индустриализациясын көрсететін нысандар, жаңа технологияларға негізделген Тәуелсіздік кезеңіндегі Алматының жаңа бейнелерін көрсетеді.

Суретшілерге арнайы экскурсия жүргізіліп, оның барысында қатысушылар көптеген қызықты дүниелермен танысты. Мысалы, Верный қаласының ағаш ғимараттарында сейсмикалық тұрақтылық мәселесі қалай шешілген? Ол үшін үйлердің астына жер сілкінісін сөндіретін арнайы жастығы бар жартылай жертөлелер салынған екен. Бұл үйлердің суреттерін көрмеде көруге болады. Кеңестік кезең қаланың басты белгісіне айналған ғимараттармен және ескерткіштермен ұсынылып отыр.

2021 жылы қайта жөндеуден өткізілген мүсіндер саябағын қамтитын Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы ғимаратының қасбеті бірінші  рет  суреттелді. Шығыс айналма жолы, Нұрлы тау ғимараттары, Халық арена, жаңа заман талабына сәйкес қаламыздың дамуын білдіретін заманауи кварталдар суретшілердің шығармаларында алғаш рет көрсетіліп отыр. Бұл жұмыстар енді қала тарихында мәңгі қалады. Көркем шығармалардағы қала көріністері мен ХХI ғасыр суретшілерінің қазіргі заманға деген көзқарасын бейнелейді.