Алматы тауларында жоғалған ер-азамат табылды

Алматы тауларында жоғалған ер-азамат табылды
Сурет: Gov.kz

Ол қатты тоңып қалған, медициналық көмекке мұқтаж болмаған.

Алматы құтқарушылары Іле Алатауы тауларында Мәншүк Мәметова шыңына жалғыз аттанған ер адамды іздестіріп тапты, деп хабарлайды Almaty-akhamy.kz.

«Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жоғалып кеткен ер адамды М. Мәметова шыңының мұздығынан тапты. Ол бүгін РЖҚЖ қызметкерлерінің жаяу тобының мұздықты тексеру кезінде табылды. Қатты тоңып қалған оған құтқарушылар жылы киім берді. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Қазіргі уақытта РЖҚЖ жедел тобы таудан туристпен бірге түсіп келе жатыр», - делінген хабарламада.

Құтқарушылардың айтуынша, ер адамның Алматы тауларында жоғалғаны туралы хабарлама 18 шілде күні түскен. 

«Мәншүк Мәметова көлінде түнеген 27 жастағы жас жігіт таңертең шыңға көтерілетінін айтқан. Кешке жақын турист досына хабарласып, шыңды бағындырғандығын, дегенмен оған көмек қажет екендігін және  өздігінен түсе алмайтындығын ескерткен. Осыдан кейін ер адаммен байланыс үзілген. Оқиға орнына 1 бірлік автотехника, 6 адамнан тұратын РЖҚЖ жедел тобы шықты. РЖҚЖ құтқарушылары альпинизм федерациясының (Тұйықсу базасы) альпинистерімен бірлесіп, іздестіруді бастады. Альпинистерден 2 адам жұмылдырылды. Жедел топ Р№ 6 көліне дейін жетіп, М.Мәметова шыңына қарай жаяу жүріп шықты», – делінген  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.