Алматы тауларында жоғалып кеткен 4 турист табылды

Алматы тауларында жоғалып кеткен 4 турист табылды
Сурет:ҚР ТЖМ

Туристер Көк жайлау – Күмбел шыңы бағытымен жүрген.

Құтқарушылар Алматы тауларында жоғалып кеткен 4 туристі іздеп тапты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«4 маусым сағат 19:05-те ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының (РЖҚЖ) кезекші-диспетчерлік бөліміне Медеу ауданындағы тауларда 4 турист жоғалып кетті деген хабарлама түсті. Туристер Көк жайлау – Күмбел шыңы бағытымен жүрген. Кері қайтар жолда Горельник шатқалына қарай шығып, жолда адасып кеткен. Туристер телефонмен байланыста болып, геолокация деректерін жібере алды. Сағат 20:00-де 6 адамнан тұратын РЖҚЖ жедел тобы, оның ішінде бір кинологиялық есептоп Горельник шатқалына туристерді іздеуге шықты. Сағат 22:55-те ТЖМ құтқарушылары зардап шеккендерді тауып алды. Қуанышқа орай туристер медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», - делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінде.

Осындай қиындыққа тап болмас үшін құтқарушылар серуендеу ережелерін еске салады: «Тауға шықпас бұрын бағытыңызды мұқият зерттеңіз, жалғыз жүрмеңіз, жолдастарыңызды таныс емес ортада жалғыз тастамаңыз. Бағыттың негізгі бөлігін күннің бірінші жартысында жүріп өтуге тырысыңыз, бағыттан алшақтап, өзге жолдарға (соқпақ) шықпаңыз, жолды қысқартпаңыз».

Көмекке мұқтаж болған жағдайда 112 немесе 8(727) 372-15-60 («ҚР ТЖМ РЖҚЖ» ММ кезекші-диспетчерлік бөлімі) нөмірлеріне қоңырау шалуға болады.