Алматы тауларында үш турист құтқарылды

Алматы тауларында үш турист құтқарылды
Сурет: Ашық дереккөз

Туристердің біріне құтқарушы-медбике алғашқы медициналық көмек көрсетті

Алматы тауларында үш турист құтқарылып, медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

28 мамыр күні сағат 19:49-да ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік бөліміне Алматы қаласы ТЖД-нан «Три Брата» шыңы ауданында үш ер адамның жаңбырдың астында қалып қойғаны туралы хабарлама түседі. Олардың бірі өзін нашар сезіне бастағаны айтылады. Жасақтың 8 адамнан тұратын құтқару тобы жедел түрде іздеуге шығып, сағат 22:58-де «Көк-Жайлау» ауданынан екі туристі табады. Үшінші саяхатшы таудан өз бетінше түскен.

Атап айтқанда, 1982, 1986, 1998 жылдары туған үш ер адам құтқарылды. Туристердің біріне құтқарушы-медбике алғашқы медициналық көмек көрсетті, ол суықтап қалған және аяғын жаралап алған.

Осы орайда, ТЖМ құтқарушылары тауға шығу ережелерін еске салады. «Тауға жалғыз бармаңыз, бұл – қауіпті. Жаяу серуендеудің негізгі бөлігін таңертең жасаңыз. Туриске қажетті заттардың ішінде міндетті түрде: су, қосалқы киім жиынтығы, қуатталған қосымша қуат көзі, су өткізбейтін пакеттегі сіріңке және алғашқы көмек жинағы болуы керек».