Алматы тауларында қыс бойы 35 рет қар көшкіні жүрген

Алматы тауларында қыс бойы 35 рет қар көшкіні жүрген
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазселденқорғау» ММ Алматы филиалының өкілі Самат Дәуленканов айтты.

Алматыда халық пен нысандарды қорғау мақсатында 7 рет қар түсірілді. Сондай-ақ, қар көшкінінің қауіпті кезеңі басталғалы бері таудан 35 мәрте (39 100 текше метр) қар түскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Спикердің мәліметінше, профилактикалық мақсатта түсірілген қардың жалпы ауданы 2 460 текше метрді құрады.

«Бүгін таңғы сағат 07.00-дегі жағдай бойынша Кіші Алматы өзені алабында қар жамылғысының биіктігі: Медеу бөгеті ауданында – 36 см, Мыңжылқы – 50 см, Қотырбұлақ өзені алабында 69-120 см. Үлкен Алматы өзені алабы бойынша қар жамылғысының биіктігі 9-дан 78 см-ге дейін. Ақсай және Қарғалы өзені алабында қар жамылғысының биіктігі – 4 см, Ақсай-Ақжар бақылау бекетінде – 6 см», – деді Самат Дәуленканов.

Ол метеорологиялық, қар көшкіні жағдайы өзгерген жағдайда және қар түрінде қатты жауын-шашын кезінде қар көшкіні жүруі мүмкін екенін айтты.

«Қар көшкінінің алдын алу үшін орталық аппараттың ұсынысымен блокпостар қойылып жатыр. «Медеу-Шымбұлақ» және «Алматы-ҮАК» автожолдарына, басқа да қауіпті аймақтардағы жолдар қар көшкіні қаупі жағдайында жабылып, блокпост қойылып жатыр. «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану-техникалық басқармасында 32 адам, 21 арнайы техника дайын тұр», – деді спикер.

Сондай-ақ оның мәліметінше, қазіргі уақытта қызмет көрсету аймағы бойынша топырақтың қатуы: Үлкен Алматы өзені алабында – 10 см, Кіші Алматы өзені алабында – 28 см, Ақсай өзені алабында – 20 см, Қарғалы өзені алабында – 18 см.