Алматы тауларында Қазақстан мен Үндістан әскерилері жаттығу өткізіп жатыр

Алматы тауларында Қазақстан мен Үндістан әскерилері жаттығу өткізіп жатыр
Cурет: Қорғаныс министрлігі

Үндістан Қарулы күштерімен тау дайындығы саласындағы ынтымақтастық 2005 жылдан бері жүргізіліп келеді

Тау дайындығы орталығында альпинистік жабдықтарды дұрыс қолдану, қозғалыс техникасы және таулы жерлерде ұрыс жүргізу тактикасы бойынша жаттығу сабақтары өткізіліп жатыр. Жиынға Үндістан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілері нұсқаушы ретінде келген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жиынның мақсаты – әскери қызметшілердің таулы жерлерде сауатты іс-қимыл жасау қабілетін тексеру, әскери альпинистердің тау кедергілерін еңсеру дағдыларын жетілдіру, әскери қызметшілердің физикалық тұрғыда төзімділік деңгейін арттыру», - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Жауынгерлерге альпинистік жабдықтармен жұмыс істеу, таудағы жартасты және мұзды учаскелерді еңсеру бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Жиын барысында Іле Алатауының шыңдарына көтерілу жоспарланған.

«Үндістан Қарулы күштерімен тау дайындығы саласындағы ынтымақтастық 2005 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қазақстандық жауынгерлер үнді тарапының шақыруымен тәжірибе алмасу мақсатында 2005 жылы биіктігі 7134 метр Нун шыңына, 2010 жылы 6400 метр биіктіктегі Багератхи шыңына бірге көтерілген болатын. 2018 жылдан бері үнді әскери нұсқаушылары жыл сайын тәжірибе алмасу үшін Қазақстан Қарулы күштерінің тау дайындығы орталығына келіп тұрады», - деп толықтырады министрліктің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Қазақстан мен Ресей өрт сөндірушілері бірлескен жаттығу өткізіп жатқаны хабарланған болатын.