Алматы тауларында қар көшкіні қаупі сақталады

Алматы тауларында қар көшкіні қаупі сақталады
Сурет: Ult.kz

Құтқарушылар қала тұрғындары мен қонақтарынан тауға саяхаттауды кейінге шегере тұруды сұрайды.

Күннің күрт жылынуына байланысты Алматы тауларында қар көшкіні қаупі сақталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде жауын-шашынның күтілуіне және қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты 14-18 сәуір аралығында қар көшкіні қаупі сақталады», – деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаменті.

Құтқарушылар қала тұрғындары мен қонақтарынан тауға саяхаттауды кейінге шегере тұруды сұрайды. Еске салайық, кеше 13 сәуір күні «Молодежный» шыңында көшкін жүріп, екі адам қар астында қалды. Кейін құтқарушылар қардың астында қалған адамдардың біреуін аман-есен шығарып алды. Сол күні кешке қарай, қар астынан екінші туристің денесі табылды.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қар көшкінінің астында қалған екі адам - Франция елінің азаматтары. Белгілі болғандай, 6 адам тауға шығып сырғанаған. Бұл көшкіннің шығуына себеп болды. Оның бесеуі Франция азаматы болса, біреуі - қазақстандық. Төртеуі аман. Қардың астында қалғандардың біреуі зардап шекті, екіншісі өкінішке орай қаза тапты.