Алматы тауларында қар көшкіні болды

Алматы тауларында қар көшкіні болды
Сурет: Gorny-club.kz

25-28 наурыз аралығында қар көшкіні қаупі сақталады.

Қала құтқарушылары алматылықтардан тауға барудан бас тартуды сұрады. Себебі алдағы күндері қар көшкіні қаупі сақталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, бүгін сағат 10: 43-те Қотырбұлақ өзенінің бассейнінде жауын-шашынның түсуіне байланысты № 15 көшкін жинағында өздігінен қар көшкіні болды.

Түскен қар «Пионер» тау шаңғысы отбасылық курортының арқанды жолына дейін жетті.

«Қазселденқорғау» ММ Алматы қаласы бойынша ұсынысы бойынша кешенде орнатылған арқанды жолының жұмысы 15 наурыздан бастап тоқтатылған болатын. Қонақ үйде келушілер жоқ. Алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккендер мен қираулар жоқ. Көшкіннің көлемін нақтылау үшін "Қазселденқорғау" қызметкерлері оқиға орнына жіберілді», - деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазгидромет»  РМК 2022 жылғы 24 наурыздағы №8 дауылды ескертуіне сәйкес : үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде қар жамылғысының жоғары биіктігі мен тұрақсыз жағдайына байланысты 25-28 наурыз аралығында қар көшкінінің жүру қаупі сақталады.