Алматы спортшылары Олимпиада мен басқа да жарыстарда жеңіске жетуге мүдделі

Алматы спортшылары Олимпиада мен басқа да жарыстарда жеңіске жетуге мүдделі
Сурет:Almaty-akshamy.kz.

Спортшылар жаппай бүгіннен қалмай екпе алуда

Олимпиада ойындарының қарсаңында коронавирусқа қарсы вакцина өте маңызды. Өйткені, команданың бір мүшесі инфекция жұқтырса, онда бүкіл ұжымның жұмысына қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан қазіргі кезде Алматыда кәсіби спортшылар жаппай вакцина алуда. Бұл туралы "Алматы" хоккей клубының шабуылшысы Артем Бурделев былай дейді:

– Саналы ғұмырымды спортқа арнаған жанмын. Жарыстардан қалмадым. Меніңше, спорт әлемінде мұндай шектеулер болған емес. Біздің команда індетке дейін күн сайын жаттығатын, ал коронавирустың кесірінен барлық жаттығу процессі тоқтады. Енді вакцинаның арқасында алаңға қайта оралып, еркін жаттыға аламыз.

Өкініштісі, адамдар әлі де екпе салдыруға салғырт қарауда, бетперде кимей, әлеуметтік қашықтықты сақтамауда. Мен қала тұрғындарын вирусқа қарсы күресте бірігуге, вакцина алуға шақырамын.

Жақында вакцина алдым және бұл қажетті шара деп санаймын. Иммунитетті арттыру, оны вируспен күресуге дайын ету маңызды.

Өз жанкүйерлеріме де айтарым, біз сіздердің қолдауларыңызға зәруміз. Біз үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды. Сондықтан алыпқашты әңгімелер мен тараған жалған ақпаратқа сенбеңіздер.

Біздің жеңісімізді көру үшін вакцина алып, хоккейге келіңіздер!

Назым Қызайбай, бокстан әйелдер арасында еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін әлем чемпионы:

– Өткен жылы басталған індет менің Олимпиадаға қатысуыма, екінші лицензияны алуыма кедергі келтірді. Бұл менің арманым еді. Тағы бір кемшілігі - спорт залдары жабылып, менің үйде жаттығуыма тура келді. Биыл жағдай өзгерді. Қалада жаппай иммундау басталғаннан кейін коронавирусқа қарсы екпе алдым. Біздің спортшыларымыз да вакцинаға қарсы емес. Ешқандай мәжбүрлеу болған жоқ, барлығы  денсаулықты сақтауға, жаттығу процесін қалпына келтіруге, залда жанкүйерлерді көруге мүмкіндік беретін қажеттілік екенін түсінді. Инфекцияға тұрақты иммунитеті жоқ адамдар вакцина алуы қажет. Өз басым боксшылардың арасында алғашқылардың бірі болып вакцина алдым. Өйткені бұл - COVID-19-ға қарсы күрес!

Тамара Почекутова, семсерлесуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

 

– Коронавирус біздің отбасымызды айналып өтпеді, отбасы  мүшелері түгел ауырды. Мүмкін мен вирустың тасымалдаушысы болған шығармын, бірақ ауруды асимптоматикалық жолмен бастан өткердім. Бұл індеттен 85 жастағы атам ұзақ уақыт ауруханада емделді. Ол дәрігерлердің қамқорлығы мен иммунитетінің арқасында жазылып шықты. Вакцина пайда болғаннан кейін атам екпе алды. Ол бұл шешімді өз еркімен қабылдады.

Мен әлі вакцина алған жоқпын, бірақ  екпені  қолдаймын.  Бүгінде  қай вакцинаны алған дұрыс екенін таңдаудамын. Бұл - өте қауіпті ауру, сондықтан мен өзімді, туыстарымды қорғағым келеді. Мен  олардың сау болғанын қалаймын.

Індетке байланысты бізде көптеген жарыстар мен жиындар тоқтатылды. Біз Олимпиадаға дайындала алмадық, бірақ лицензия алуымыз керек еді. Вакцина – бұл әдеттегі жаттығу өміріне оралудың, жарыстарға барудың, жаңа жеңістерге жетудің жалғыз жолы.

Олимпиадаға дайындық ұзақ уақыт алады. Ең маңызды жарыстарға аз уақыт қалды. Сондықтан Алматы спортшылары бүгін екпе алады. Сіз де оларға қосылып алғыңыз келсе, мегаполистің 208 екпе пунктінің біріне хабарласыңыз. Олар медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базар мен қаланың СОСО-да орналасқан.

16 маусымдағы жағдай бойынша, 351 497 адам вакцина салдырды. 60 жастан асқан 39 026 адам екпе алды.