Алматы шахматтан әлем чемпионатын өткізеді

Алматы шахматтан әлем чемпионатын өткізеді almaty-akshamy.kz

Ақыл-ой додасына кімдер қатысады?


Биылғы жылды Алматы қаласы әлем чемпионатымен жаппақ. Нақтырақ айтқанда 25-30  желтоқсан аралығында оңтүстік астанамызда шахматтың рапид және блиц түрі бойынша әлем чемпионаты өтеді.  Тамырын Үнді елінен алатын, ақылдылар ойыны саналған логикалық ой-өрісті дамытатын спорт түрінен өтетін әлемдік аламанға қанша спортшы қатысады?  Неше мемлекеттен шахматшы келеді,  әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған серкелер Алатау баурайына ат байлай ма?


Осы тақылеттес сауалдарға  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында  жауап айтылды. Журналистер сауалдарына Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті  Аркадий Дворкович,  ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев,   «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов,  «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова,  Алматы қалалық  Спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин  сынды спикерлер жауап берді.


Алматыда  шахматтан  рапид және блицтен әлем чемпионаты алғаш рет ұйымдастырылмақ. Біріншілік Алматы әкімдігі және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді. Серіктестер арасында «Самұрық-Қазына» қоры және спортты қолдау қоры «Sport Qory» бар.



«Негізі Қазақстанда әлем біріншілігі былтыр Астана қаласында өтуі тиіс еді, пандемияның  екпін алып тұрғанына байланысты кейінге ысырылып, Польша елінде өтті. Биыл, міне, Қазақстан  қайтадан әлемдік аламанды өткізуге белшешіп отыр. Қазақстан еліне, оның ішінде Алматы қаласының әкімдігіне, әлем  біріншілігін өткізетін жауапты министрлік басшыларына, Қазақстан шахмат федерациясына алғыс айтамын» деді   Халықаралық шахмат федерациясының президенті А.Дворкович.



«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, шахматтан елімізде бұған дейін де әлем біріншілігі өткен болатын. Бірақ Астана қаласында 2019 жылы ұйымдастырылған әлем чемпионаты командалық сайыс болғандықтан, 100-ге тарта спортшы қатысқан еді. Бұл жолы әлемнің жетпіске жуық  елінен 300-ге тарта  Алатау баурайында апта бойы аунап-қунап әлемдік аламанның көрігін қыздырады.


Баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шахматтан жекелей сайыс бойынша Қазақстанда алғаш рет өтетін әлемдік доданың бәсі жоғары болатынын алға тартты. Халықаралық шахмат федерациясымен  тізе қосып өткізетін әлем чемпионатында жанкүйерлер қыздар құрамасына ерекше үміт артады. Өйтетін де жөні бар, өйткені  әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізген Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова секілді  тәжірибелі шахматшылардан сырт жастар арасында жарқырай көрініп, әлем чемпионатында олжа салған Әмина қайырбекова, Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали секілді аруларымыз да  жүлдеден үміткерлер санатында.



«Елімізде өтетін әлем чемпионаты жас шахматшылардың қатары көбебюіне, ой мен өренің ойыны саналатын спортқа қызыққан жастарды ынталандыратын дода болады депс енемін. Алматы қаласына әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған әлем чемпиондары келеді. Жанкүйерлер шахмат спортының жұлдыздарының ойынын тамашалап, қолтаңба алып тілдесуіне де мүмкіндік туады деп ойлаймын, барқа қазақстандықтарды әлем чемпионатын тамашалауға, еліміздің шахмат шеберлеріне қолдау көрсетуге  шақырамын», - деді «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.



Біздің елдің шахматшылары біріккен Араб Әмірлігінде жаттығу жиынын өткізіп жатыр. «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің    атқарушы директоры Дәулетова Гүлмира ханым қыздар құрамасындағы үздіктеріміз Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасовалар жеке бапкерлерімен әзірлікті пысықтап жатыр. Гүлмира Дәулетова Халықаралық шахмат федерациясы әлем чемпионатын ұйымдастырушы ел есебінде біздің елден 25 шахматшыны қатыстыруға мүмкіндік бергенін қуана жеткізді.



«Бұл дегеніңіз - өсіп келе жатқан жас шахматшыларымызға өзінің өресін байқап, шеберлігін шыңдауына орасан зор мүмкіндік. Аркадий Дворкович бастаған халықаралық шахмат федерациясына бізге сенім білдіргені үшін алғыс айтамыз, әлемдік доданы жоғары деңгейде өткізуге әзірлік ойдағыдай жүріп жатыр. Алматы туристік қала екенін тағы бір мәрте паш ететін шараға қазақстандықтарды да белсенді қатысуға шақырамын», - деді Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы.



Ерден Хайруллин әлем чемпионатына қатысатын спортшылар мен қонақтарды қарсы алуға сақадай-сай дайын екенін жеткізді.   


Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі 25 желтоқсанда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Апта бойы додаға түсетін шахматшылардың жарысы осы спорт кешенінде өтеді.


Чемпионаттың бас серіктесі - Freedom Broker компаниясы, ол толығымен жүлде қорын қамтамасыз етті. Сонымен қатар серіктестер арасында Lancaster Group, Shokan Ualikhanov School, казақстандық стартап Chess Legends, «Тиолайн» кәсіпорны бар.


Қуаныш Рахмет


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:37

09:59

09:21

09:19

09:11

09:11

08:37

08:21

23:08

22:54

22:42

20:45

20:38

20:24

19:58

19:38

18:50

18:41

18:25

18:07

17:53

17:41

17:28

17:10

17:09