Алматы прокуратурасы ірі құрылыс компаниясын сотқа берді

Алматы прокуратурасы ірі құрылыс компаниясын сотқа берді
Сурет: Ratel.kz

Мектеп пен балабақша тапшы

Прокуратура Бостандық ауданындағы ірі тұрғын үй кешендерінің бірін салушыға қатысты сотқа талап арыз берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Қадағалау органы тұрғындар шағымынан кейін Сәтбаев көшесі, 26/4 мекенжайы бойынша тұрғын үй кешенін салу кезінде сәулет нормаларының сақталуына талдау жүргізді.

«Прокурорлар халықтың тығыз орналасуы мен нысанның құрылысы қолданыстағы нормалардың рұқсат етілген шекті параметрлерінен асып түсетінін, сондай-ақ білім беру нысандарына жүктеме бары ескерілмегенін анықтады», - делінген ведомство хабарламасында.

Бұл ретте құрылыс компаниясы өз міндетіне 900 орындық мектеп салуды алған болып шықты. Алайда, бұл нысанның айналасында қазірдің өзінде 2 274 орынға жалпы білім беретін мектеп пен балабақша тапшы. Демек, құрылыс компаниясы мектепті салғанның өзінде 1 374 орын жетіспейтін болады. Сонымен қатар, құрылыс нормалары мен ережелерін бұзудың басқа да фактілері анықталды.

«Осыны ескере отырып, Бостандық ауданының прокуратурасы Алматы қаласының жоспарлау және урбанистика басқармасының эскиздік жобаны келісу бойынша әрекетін заңсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берді. Прокуратура ықшамаудан тұрғындарының шағымына сәйкес бұл нысан құрылысының тұжырымдамасын қайта қарау қажет деп санайды», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, ҚР Бас прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «ӨКМ операторы» шотына салынған шектеулерді алып тастады.