Алматы полициясы жалған түбіртекпен сатушыларды алдаған күдіктілерді ұстады

Алматы полициясы жалған түбіртекпен сатушыларды алдаған күдіктілерді ұстады
Сурет: Polisia.kz

Бұл қылмысқа қатысы бар күдіктілердің бірі бұрын да осындай ісі үшін сотты болған. 

Қылмыстық топты Әуезов ауданының полицейлері құрықтады, Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

 «Әр қатысушыға жеке рөл тағайындалды: біреуі сатушылармен сөйлесті, екіншісі жалған түбіртек дайындады, үшіншісі – жүргізуші, ал қыз сенімділік үшін жандарында болды. 22 жастағы О.есімді азамат және оның сыбайласы 29 жастағы М.есімді азамат интернеттен IPhone телефондарын сату туралы хабарландыруларды тауып алған. Көрсетілген сомаға алдын ала жалған онлайн аударым туралы түбіртек дайындап, сатушылармен кездесу ұйымдастырған. Яғни, қаскөй кездесуге дайындалып келген. Олар қылмыстық жолмен алынған ұялы телефондарды ломбардқа өткізген немесе сатып жіберіп отырған. Ал түскен қаражатты өз қалаулары бойынша пайдаланған», – дейді Әуезов аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында төрт күдіктіні ұстады. Олар 5 қылмыс жасағандарын мойындады. 

«Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазір тергеушілер дәлелдемелерді пысықтап жатыр. Ұсталғандардың жеке басы жалпы қала бойынша бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексерілетін болады», – деді Еділхан Байғараев.

Күдіктілердің бірі – ТЖО-да жұмыс істейтін 29 жастағы слесарь, бұрын осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін сотты болған.