Алматы полициясы: «шулы» көліктер сараптамаға жіберілетін болады

Алматы полициясы: «шулы» көліктер сараптамаға жіберілетін болады
Cурет: Massaget.kz

Шулы және жылдам көлік жүргізуді ұнататындарға салынған айыппұл көлемі 1 миллион 800 мың теңгені құрады.

Өткен түнде Алматы жолдарында резонаторлар мен тікелей ағындарды қолдана отырып, көліктерді заңсыз қайта жабдықтаған 63 заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Шулы және жылдам көлік жүргізуді ұнататындарға салынған айыппұл көлемі 1 миллион 800 мың теңгені құрады.  Айыппұл тұрағына 4 көлік орнатылды, 59 автокөлік иесінен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері тәркіленді, ол кемшіліктер жойылғаннан кейін қайтарылады», - деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.

Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері көліктерді заңсыз қайта жабдықтағаны, азаматтардың тыныштығын бұзатын резонаторлар мен тікелей ағындарды қолданғаны үшін екі мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  Оларға 91 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Айта кету керек, құқық бұзушылар, күркіреген әсер тудыратын түтін шығару жүйесінің ауыстырып-қосқышын мұқият жасырған фактілер де анықталуда. Мұндай жағдайларда көлік сараптамаға жіберіледі, зерттеуге кеткен шығынның орнын толтыру көлік иесіне жүктеледі», - деп түйіндеді, полковник Алмасбеков.