Алматы полициясы қалта ұрыларын қолға түсірді

Алматы полициясы қалта ұрыларын қолға түсірді
Сурет: Gazeta.ru

Ұрының екеуі де бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған.

Алматы полициясы қалта ұрлығының бес жайтына қатысы бар екеуді ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысының 33 жастағы тұрғыны мен оның екібастұздық 35 жастағы сыбайласы бес смартфон ұрлады деген күдікке ілінді.

«Бір айдың ішінде ұрылар бес ұрлық жасаған. Олар негізінен қоғамдық көліктерде және аялдамаларда жүрген. Соңғы ұрлық қаланың Бостандық ауданында, қоғамдық көліктің салонында тіркелді. Қаскөй жолаушының IPhone 11 телефонын ұрлап кеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдіктілер ұсталды. Бөтеннің мүлкін ұрлау деректері бойынша қылмыстық істер тергелуде. Қазіргі уақытта күдіктілер қалада орын алған басқа да қалта ұрлығына қатысы бар-жоғына тексерілуде», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Ұрылардың екеуі де бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған.