Алматы облысының эпидахуалы нашарлап барады

Алматы облысының эпидахуалы нашарлап барады
Сурет: Inbusiness.kz

Облыста коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал нашарлай түсуде, өңір «қызыл» аймақта тұр.

Бұл ақпаратты таратқан облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаметінің мәліметінше, коронавирустың өсу қарқыны соңғы екі аптада 0,4%-дан 0,6%-ға артты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Эпидемиологиялық матрицаның бағалауы бойынша, Ескелді мен Талғар ауданы, Текелі мен Талдықорған қаласы «қызыл» аймақта, Іле, Қаратал аудандары «сары» аймақта, қалған қалалар мен аудандар «жасыл» аймақта тұр.

2020 жылдың наурыз айынан бері КВИ-дің 29 872 лабораториялық расталған жағдайы тіркелді. Олардың 19 167-сі - симптоммен. Негізінен, КВИ және «дельта» вакциналанбаған тұрғындар арасында тіркелген, бұл вакцинацияның тиімділігі жоғары екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен 513 109 адам егілді, екінші компонент 291 549 адамға салынды. Вакциналанғандар саны бойынша педагогтар (37 594) және медицина қызметкерлері (23 167) көш бастап тұр.