Алматы облысының тұрғындары қоқыс төгетін аумаққа шағымданды

Алматы облысының тұрғындары қоқыс төгетін аумаққа шағымданды
Сурет: 24.kz

Жергілікті тұрғындар денсаулығы үшін алаңдайды.

Алматы облысының тұрғындары терезе түбіндегі қоқыс тастайтын орынға шағымданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Астана» телеарнасының мәліметінше, ол орын Іле ауданындағы тұрғын үйлердің қасында пайда болған. Мұнда жүк көліктері тонналап тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс материалдарын әкелуі салдарынан ауыл маңында қоқыс тау боп үйіліп жатыр.

«Олар күніне бірнеше рет келеді. Дәл қазір 5 камаз келіп кетті. Қоқыстарды мына шұңқырға тастап жатыр. Қоқысты неге дәл осы жерге жинайды? Мұнда адамдар тұрады емес пе? Тыныстайтын ауа жоқ, шаң, сасық иіс», - дейді зейнеткер Гүлжахан Қалиева.

Мұнда құрылыс материалдарының қалдықтары, қатты тұрмыстық қалдықтар төгіледі. Тіпті жануарлардың өлекселері де бар. Жергілікті тұрғындар денсаулығына алаңдайды. Қоқыс жан-жақтан жеткізіліп жатыр. Тіпті Алматыдан да әкелінетін көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті қоқыс аумағында тышқандар мен егеуқұйрықтар көбейген.

Ауыл әкімдігі қоқыс тастайтын аумақ жекеменшік иелігінде екенін хабарлады. Шенеуніктер аумақты тазарту қажеттілігі туралы бірнеше рет ескерткенмен, әлі жауап болмаған.

«Учаскелік инспектор 30 АЕК көлемінде айыппұл салды. Қазір бұл жердің иесіне аумақты толығымен тазарту туралы хат жолдадық. Бүгін экология департаменті мен жер инспекциясы департаментіне тиісті шаралар қабылдау туралы хат жолдап отырмыз», - деді Казцик ауылдық округінің әкімі Бауыржан Жұмабаев.