Алматы облысында жыл басынан бері 1113 жол көлік оқиғасы тіркелді

Алматы облысында жыл басынан бері 1113 жол көлік оқиғасы тіркелді
Сурет: Ашық дереккөзі

Оның ішінде 13 мал қағу дерегі анықталған

Алматы облысында жыл басынан бері 1113 жол көлік оқиғасы болып, 210 адам қаза тапқан. Оның ішінде 13 мал қағу дерегі тіркеліп, 20 адам жарақат алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Республикалық маңызы бар тасжолда және қалаға қатынайтын ірі жол жиегінде қараусыз жайылып жүрген ірі-қараның да саны артты, - дейді полиция қызметкерлері. Ал жүргізушілер жол апатына себеп болған мал иелерін жауапқа тарту керек деп отыр.

Жылқысы жол жиегінде қараусыз жүрсе де, жауапкершіліктен қашпақ болған мал иелері кінәсін бірден мойындай қоймады. Тек бейнекамерадан көріп, үнсіз көнуге мәжбүр болды. Әрине, заң бәріне ортақ.

«Қараусыз жүрген төрт түлік жолға шығып кетуі мүмкін. Осындай жағдай орын алмас үшін мал бағатын адамдарды қатаң бақылауға алып, айыппұл салу керек», – деді көлік жүргізушісі Әлібек Қалимолдин.
«Бұл жерде де сиырлар мен жылқылар көп жүреді. Сондықтан мал бағатындар, малын қараусыз қалдырмау керек», – деді көлік жүргізушісі  Дәуренбек Қаналиев.

Алайда мал иелері бұл аймақта жайылым жерлердің жоқтығын атап өтті. Сондықтан амалсыз жол жиегімен айдап өтетіндерін алға тартады. Бірақ қараусыз қалған төрт түліктің тасжолға шығып кеткенін жоққа шығармайды.

«Алматы-Бесмойнақ тасжолында жүрген малдардың иесін анықтап, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырып бәріне ауызша ескертіп кеттік», – деді Қарасай ауданы ІІБ учаскелік полиция инспекторы Ернар Оңғарбаев.

Бүгінгі рейд жұмыстары барасында әкімшілік құқық бұзған он шақты азаматқа айыппұл салынып, жол жиегімен мал айдап өткендерге ескерту жасалды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері арнайы мал айдап өтетін белгілер бар жерлермен, арнайы өткелдермен жолды көлденең кесіп өтуге рұқсат барын айтады.