Алматы облысында жас қарилар сайысы өтті

Алматы облысында жас қарилар сайысы өтті
Сурет: Almaty.tv

Үздіктер республикалық байқауға жолдама алады

Алматы облысында жас қарилар сайысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
16 жастағы Мұхаммед Балтабай жас қарилар сайысына алғаш рет қатысып отыр. Кішкентайынын Құран оқып, ислам іліміне қызығушылық танытып өскен. Оған ата-анасы мен мешіттегі ұстаздарды себеп болыпты. Қасиетті кітапқа құрмет көрсету басты парыз санайтын Мұхаммедтің айтуынша,  бұл – ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүр.

«Құранға қызығушылығым 10 жасымнан басталды. 3 жылдай осы жерде оқыдым. Сосын Турцияға оқыдым. Құранды жаттаған адамның екі өмірде де дәрежесі жоғары болады», – деді жарысқа қатысушы Мұхаммед Балтабай

Бүгінгі жас қарилар сайысына облыстың әр аймағынан 12-30 жас аралығындағы 65 үміткер келіп, бақ сынады. ҚМДБ тікелей ұйымдастырумен өткен іс-шара биыл 11-рет өткізіліп отыр. Мақсат – жастар арасында діни сауат ашу, олардың Құран Кәрімге ықыласын арттыру.

«Осындай жарысқа көбірек қатысса, Құранды, Алланы тануға деген ықыластары жоғары дәрежеде болады. Дінді жақсы көретін болады. Дінді жақсы көрсе, иманды ұрпақтарымыз көп болса, елімізде қай сала болмасын мұғалім болсын, дәрігер болсын ол адал қызмет ететін болады», – деді ҚМДБ-ның наиб муфтиі Кенжеәлі Қажы Қоңыратбайұлы.

Байқау қатысушыларының талабын елімізге танымал қарилар байқап көрді. Әділ-қазылар Құран Кәрімнің кез-келген жерінен үзінді оқиды. Ал қатысушы болса, қателеспей ары қарай жалғастырып әкетуі керек. Облыстық бас имамның айтуынша, үміткерлердің саны жыл санап артып келеді.

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің» дейді. Міне сондықтан Қасиетті Құранымызды шәкірттеріміз жаттап, осындай деңгейге жетіп, мешіттерімізде, облыс орталықтарында жарыстар өтіп тұрады», – деді Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов.

Құран Кәрімді мәнерлеп және жатқа оқу сайысы қазір еліміздің әр өңірінде өтіп жатыр. Түрлі аймақтан үздік шыққандар республикалық байқауға жолдама алады. Ол қыркүйек айында өтеді деп жоспарланып отыр. Ал республикалық байқаудың жүлдегері халықаралық Құран жарысына қатысып, еліміздің намысын әлемдік деңгейде қорғайтын болады.