Алматы облысында оқушылар мектепке бара алмай отыр

Алматы облысында оқушылар мектепке бара алмай отыр
Сурет: Ашық дереккөз

Үш мезгіл жүретін жалғыз автобус бір барғанда үш мектептен оқушы жинайды.

Алматы облысында бүтін бір шағынауданның оқушылары мектепке бара алмай отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Ауыл арасын жалғайтын жалғыз автобустың жыры жергілікті жұртқа жауыр болғалы жылдар болған. Екі мыңға жуық халқы болса да, елдің қызметіне жарайтын қоғамдық көлік мәселесі әлі шешілмеген. Ал әкімдіктен берілген жалғыз автобус бір күн жүрсе, екі күні тоқтап тұрады.

«Балаларым мектепке барғалы 5 жыл болды. Төртеуі барады сабаққа. Таңертең сағат 6:00-де баланы оятамыз. Сағат 7:00-де автобус келуі керек. Ал кей күні ол автобус келмейді. Такси шақырамыз. Айналдырған 3-4 такси бар әкесінің құнын сұрайтын», – деді Арман ауылының тұрғыны Анара Атабекова.

«Кірсең, шыға алмайсың, шықсаң, кіре алмайсың. Кеше бір күнге таксиге 5 мың төледік. Үш қызым үш уақытта оқиды. Қазір қызым шықты. Енді 1,5 сағат автобус күтуі керек», – деді Арман ауылының тұрғыны Балжан Досмырзаева.

Автобус арман болған "армандықтар" осыдан бір ай бұрын ғана бес баланы көлік қағып, бір баланың көз жұмғанын айтып отыр. Ол кезде де ауылға қатынайтын жалғыз автобустың ақылы жолмен жүргендегі берешегі үшін, шлагбаум ашылмай қалған. Сол сәтте қоғамдық көліктен түсіп жолды кесіп өтпек болған балаларды машина қаққан.  

Техникамызды тыңғылықты етіп, автобус берсін деген ауыл азаматтары Іле аудандық әкімдігіне барды. Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар.

«Негізгі қоғамдық көлік мәселесі шешілсе екен. Автобус шешіп беріңіздер. Екі апта оқушыларымыз сабаққа бармады. Кешелі бері кісілер шуылдап жатқан соң, автобусымыз жүріп қалды», – деді Арман ауылының тұрғыны Гүлнар Сақова.

«Өтеген батыр мен "Арман" шағынауданы арасында жол салып бастадық. Қыс болып кетті де келесі жылға қалды. Жол бітсе, маршрут беріледі. Маған жеткен мәлімет бойынша, 10 күн көлемінде автобус жүрмепті», – деді Энергетический ауылдық округінің әкімі Қанат Рахимов.

Округ әкімі автобусты бүгін жүргіздік дегенімен, үш мезгіл жүретін жалғыз автобус бір барғанда үш мектептен оқушы жинайды.

«Бала саны көп. Таңертең сыймай қалады, бәрі шыққан кезде. Автобус бұзылып, жөндедік», – деді автобус жүргізушісі Бақберген Тоқмамбетов.

«Жанармайы қатып, жүруге жарамсыз болды» деген қоғамдық көлік бүгін жүре бастапты. Ал жергілікті билік өкілдері автобус санын көбейтуге барын салып жатқанын жеткізді.