Алматы облысында құны 100 млн доллар болатын зауыт салынуы мүмкін

Алматы облысында құны 100 млн доллар болатын зауыт салынуы мүмкін
Сурет: Atpress.kz

500-ге жуық жұмыс орны құрылатын болады.

«Karlskrona LC AB» ЖШС-нің жаңа жобасы жұма күні Қонаевта Алматы облысының басшылығымен кездесу барысында таныстырылды. Кәсіпорынның бас директоры Уәлихан Ахметовтің айтуынша, жобаның құны шамамен 100 млн долларды құрайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Кәсіпорында 500-ге жуық жұмыс орны құрылатын болады. Пайдалануға беру 2023-2024 жылдары жоспарланып отыр. Өнімнің 40%-на дейін экспорттау жоспарлануда», - делінген облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта компания жер телімін іздестіруде – өнеркәсіп алаңы үшін 10 га және компания қызметкерлері үшін тұрғын үй салу үшін қосымша жер қажет. Сондай-ақ, компания зауыт жанынан машина жасау саласында жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша білім беру кластерін ұйымдастыруға дайын.

«Біз тек өз қажеттіліктеріміз үшін ғана емес, жалпы, өңір үшін де кадрлар әзірлеп шығаратын ұстахана болуға дайынбыз. Зауыт жанынан колледж немесе университет құруды жоспарлап отырмыз», - деді Уәлихан Ахметов.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, жоба экономикалық құрамдас бөлігімен қатар өңірдегі білім беру кластерін дамыту тұрғысынан да қызықты.

Өздеріңіз білетіндей, Алматы облысында академиялық қалашық салу жоспарлануда, ол түрлі өндірістермен, индустриялық аймақпен қабысуы тиіс. Осыған байланысты кадрларды даярлаудың теориялық бөлігі білім беру ұйымы базасында, ал практикалық бөлігі өндірісте өтетін дуальды оқытуды дамыту басым бағыттардың бірі болып табылады. Өңір басшысы жобаны одан әрі пысықтауды тапсырды.

Айта кетейік, «Karlskrona LC AB» ЖШС-сумен жабдықтау, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі және атом энергетикасы саласындағы сорғы, Электротехника, блок-модульдік және басқа да ілеспе жабдықтарды шығаруға маманданған машина жасау компаниясы.