Алматы облысында ер адамның ішінен 19 шеге шықты

Алматы облысында ер адамның ішінен 19 шеге шықты
Сурет: Tengrinews.kz

Шұғыл түрде ота жасалды.

Отаны Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасының хирург-дәрігерлері жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы Қарасай ауданы шизофрениямен ауыратын 39 жастағы тұрғынының аш ішегінен ұзындығы 10 см болатын барлығы 19 шеге алынған. Науқас шеге жұтып қойған соң, тек төртінші күні ғана дәрігер көмегіне жүгінген. Шұғыл түрде ота жасалды, қазір оның жағдайы қалыпты.

Былтыр 12 қыркүйекте науқас дәл осылай шеге жұтып қойып, тек үшінші күн дегенде дәрігерлерге қаралған. Оның айтуынша, ашуланып, осылайша суицид жасамақ болған. Ол кезде де ұзындығы 10 см болатын 14 шегені дәрігерлер алып тастаған. Отадан соң науқас құлан-таза сауығып, ауруханадан шығарылған.