Алматы облысында биыл жаңа жел электр станциясы іске қосылады

Алматы облысында биыл жаңа жел электр станциясы іске қосылады
Сурет: ElektrikExpert.ru

Жобаның жалпы құны - 37,4 млрд теңге.

«Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, станция жылына 225,7 млн. кВтс электр энергиясын өндіретін болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласынан 140 шақырым жерде салынып жатқан қуаты 60 МВт жаңа жел электр станциясы (ЖЭС) осы жылдың тамыз айының басында пайдалануға беріледі.

«ЖЭС салу және іске қосу парниктік газдар шығарындыларын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жылына шамамен 89 мың тонна дәстүрлі отынның орнын басады», - дейді компания.

Энергетикалық нысан Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Шелекте салынып жатыр. Мұнда желдің орташа жылдық жылдамдығы 50 метр биіктікте секундына 7,8 метр екен, ал ағынның тығыздығы - 310 Вт/м2. Болашақта ЖЭС қуатын 300 МВт-қа дейін арттыру жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 37,4 млрд теңге. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық электр энергетикалық холдингі Power China қытай корпорациясымен серіктестікте іске асыруда.

Алматы қаласы мен облысында жұмыс істеп тұрған Алматы ЖЭО, Қапшағай және Алматыда Каскад ГЭС, Жамбыл ГРЭС, сондай-ақ Есік, Мойнақ, Қатарал, Талдықорған ГЭС-теріне қарамастан, бұл өңірде энергия тапшылығы бар.

Өйткені еліміздің ең ірі мегаполисі орналасқан облыстағы өндіруші күштер мұндағы электр қуатына деген сұраныстың тек 50% өтейді. Тапшылық сыртқы энергия өндірушілер (республиканың солтүстік облыстарынан, Жамбыл ГРЭС және Қырғызстаннан) есебінен жабылады.