Алматы облысында 122 сынып карантинге жабылып, екі мыңға жуық оқушы қашықтан оқып жүр

Алматы облысында 122 сынып карантинге жабылып, екі мыңға жуық оқушы қашықтан оқып жүр
Cурет: Inform.kz

Оқушылар арасында індетті ең көп жұқтырғандардың ішінде Талдықорған қаласы бірінші орында тұр.

Алматы облысында 301 оқушы коронавирус жұқтырып, емделіп жатыр. Салдарынан 122 сынып карантинге жабылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

Қазір індетті жұқтырған 301 оқушының барлық сыныптастары яғни 1489 оқушы қашықтан оқытуға жіберілді. Оқушылар арасында індетті ең көп жұқтырғандардың ішінде Талдықорған қаласы бірінші орында тұр. Облыс орталығында 80 оқушыдан COVID-19 анықталған. Мәселен қаладағы Ломоносов атындағы №5 мектептің 35 оқушысы коронавирус жұқтырса, №25 мектептен 11 оқушы, ал №28 IT лицей-мектептен 7 оқушыдан коронавирус анықталған. «50 ұстаздан коронавирус анықталды. Ол кісілер ем қабылдауда және де мектепке дейінгі білім мекемелерінде 12 жағдай тіркелген», - деді Алматы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әлішер Сырым. Ал аудандардың ішінде коронавирус жұқтырған оқушылардың көбісі Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Талғар ауданында тіркелген. Мәселен Еңбекшіқазақ ауданында 32, Ұйғыр ауданында 26, Талғар ауданында 22 оқушы індетті жұқтырып, қазір үйлерінде емделіп жатыр. Жалпы Алматы облысында қазір коронавирус жағдайына байланысты 1790 бала үйінде білім алып жүр. Оның ішінде індет жұқтырғандармен байланыста болғандар да бар.