Алматы облысында 115 мектеп салынады

Алматы облысында 115 мектеп салынады
Сурет: Citynews.kz

Бұл меже 2025 жылға дейін орындалады

Алматы облысының әкімі жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерімен кездесіп, аймақтың даму жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Кездесу барысында өңір басшысы Жетісудың 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына тереңірек тоқталды. Ол өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм салаларына қан жүгірту күн тәртібіндегі басты мәселе екенін жеткізді.

Алматы облысының инвестициялық қоржынында 2,8 трлн теңгенің 289 жобасы бар. 2025 жылға дейін 114 мың гектар жер қалпына келтіріледі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін 4,5 есе арттыру жоспарланған.

Ауыз су, үш ауысымды мектептер мәселесіне ерекше мән берілмек. Облыста 2025 жылға дейін 115 мектеп бой көтермек. Алматы облысының әрбір ауылында жеке қосалқы шаруашылықтағы төрт түлікті жаятын жер жоқ. Алдағы екі жылда игерілмей жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауылдық округтердің пайдалануына берілмек.

«Әр ауылдың төңірегінде жатқан жерлерді түгендеп, халықтың малын санап, тиісті жерін ауылдарға қайтара беру керек. Сот арқылы шешеміз бе, басқаша шешеміз бе, қазір заң бізге құқық беріп жатыр. Соны қолға алып, біз жасаймыз», - деді аймақ басшысы.