Алматы облысы мектеп мәселесін BI-Group холдингімен бірлесіп шешпек

Алматы облысы мектеп мәселесін BI-Group холдингімен бірлесіп шешпек
Сурет: 1-kainazar.mektebi.kz

Амандық Баталов BI-Group холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев бастаған компания өкілдерін қабылдады.

Алматы облысы үш ауысымды мектептерді жою мәселесін BI-Group холдингімен бірлесіп шешу туралы арнайы бағдарлама әзірлемек , - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Амандық Баталов BI-Group холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев бастаған компания өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында екі жақты әріптестік байланыстар мәселесі талқыланды. Соның ішінде, әсіресе, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына қатысты  кеңінен сөз болды.

Облыс әкімі аталмыш іргелі компанияның Жетісу өңірінің, соның ішінде Талдықорған қаласының сәулеттік дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.

«BI-Group холдингі Талдықорғанда инфекциялық аурухананы, драма театрын тұрғызды. Облыста бірқатар мектептердің күрделі жөндеуін, құрылысын жүргізді. Астанамыздың 20 жылдығына арнап салған «Жетісу» саябағы - қазір елордалықтардың ең сүйікті демалыс орындарының бірі. Үшарал әуежайының ұшып-қону жолағын жөндеуге де атсалысады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының іске асырылуына белсене қатысты. BI-Group компаниясы – біз үшін ең алдымен сапа мен сенімділік. Сондықтан біз сіздермен ары қарай да жұмыс істеуге ниеттіміз. Талдықорған қаласынан тұрғын үй кешенін салсаңыздар, екі жаққа да тиімді болар еді. Біздің облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 50 мыңдай. Талдықорғанның өзінде 15 мың шамасында. Сол сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты жобаларға да қатыссаңыздар, қуанамыз», - деді Амандық Баталов. 

Мұнан соң сөз алған BI-Group холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев біраз жылдан бері Алматы облысында көптеген жобаларды іске асырғандарын айтты. Сенімді серіктес ретінде іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға пейілді. Ол өз сөзінде мектептердің құрылыстарына қатысты бірнеше ұсыныстары бар екенін жеткізді.

Атап айтқанда, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында басымдық берілген міндеттердің бірі - оқушы орнының жетіспеушілігін жойып, 2025 жылға дейін 800 мектеп салу. BI-Group компаниясы осы бағдарлама шеңберінде бес жыл ішінде жаңа форматтағы 101 мектеп салуды жоспарлап отыр. Соның ішінде Алматы облысында салу қарастырылған 5 мектептің екеуін Талғар ауданының Талдыбұлақ және Байбұлақ ауылдарында тұрғызу белгіленген. Оларға қажетті жер учаскелері анықталған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі негізінде салынатын мектептердің жобалық құнының 30%-ін әкімдік қаржыландырса, 20% - жеке инвестиция, 50% банк арқылы сусидиялау негізінде іске асырылмақ.

Осы жобаларды облыс әкімі мақұлдаса, биылғы жылы құрылыс жұмыстарын бастайтындықтарын айтты. Бұл екі мектеп жаңа форматтағы мектептер қандай болуы керек дегенде үлгі ретінде көрсететіндей болмақ. Пәндік білім берумен қатар қаржылық, цифрлық сауаттылыққа баулу, балалардың оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында бос кеңістікті, заманауи интерьерлік шешімдерді тартымды пайдалану жағы да қарастырылады. Мектептер құрылысының МЖӘ негізінде салыну кезеңдері мен процедуралары талқыланғаннан кейін Айдын Рахимбаев келесі мәселе – Талғар ауданы аумағында 450 орындық дарынды балаларға арналған Абай атындағы республикалық мектеп-интернатын салу тақырыбына ойысты.

Облыс әкімі тиісті лауазымды тұлғаларға аталмыш білім беру нысанының орналасатын жері бойынша нақты ұсыныс беріп, бір ай ішінде жер учаскесі мәселесін шешуді тапсырды.

Сонымен қатар құрылыс компаниясы облыста жалпы саны 836 орындық алты шағын жинақты мектеп салуды бастамақ. Алматы облысының Бөрібай би, Сарытөбе, Жайдақбұлақ, Казатком, Шолаққарғалы, Көкдала ауылдарында салынатын мектептердің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Тиісті сараптамадан өткеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады. Компания басшысының айтуынша, мектептердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Ал тұрғын үй құрылысына қатысты Айдын Рахимбаев арнайы дайындалып, жан-жақты ойластырып, дайын жобамен келсек деген ойын айтты.

Кездесу соңында облыс әкімі Амандық Баталов BI-Group холдингі басшысының ұсыныстарын қолдайтынын жеткізді.

«Ұсыныстарыңызды қолдаймын. Біз холдингпен бірлесіп, облыстағы 3 ауысымды мектептерді жоюдың бағдарламасын әзірлеміз. 2025 жылға дейін қай елді мекендерде қанша мектеп саламыз, бұл соның бәрін егжей-тегжейлі нақтылайтын құжат болады. Бізде қазір 49 үш ауысымды мектеп бар. Әсіресе, бұл мәселе Алматы маңындағы аудандарда өзекті болып отыр. Біз мектептер салатын жер учаскелерін дайындаймыз, инженерлік инфрақұрылым тартып береміз, атқарушы орган тарапынан берілуі тиісті қаржыны бөлеміз, ал сіздер жаңа мектеп салып бересіздер. Бұл бізге үш ауысымды мектептерді жоюда үлкен көмек болады. Сол сияқты Талдықорған қаласында тұтас тұрғын үй кешендерін салуға инженерлік желілер жүргізілген дайын алаңдар бар. Жалпы облыс көлемінде жүргізілетін тұрғын үй құрылысына белсенді қатысыңыздар», - деді Амандық Баталов. Облыс басшысының айтуынша, бұл ретте «Жетісу» ӘКК «ӨДИ» АҚ мен BI-Group холдингі өзара тығыз жұмыс істейтін болады.

Сол сияқты тиісті мекеме басшыларына BI-Group компаниясы МЖӘ механизмімен салатын Талғар ауданындағы екі мектептің жергілікті орган тарапынан қолдауға тиіс қандай қажеттіліктері бар, соны анықтап, екінші жартыжылдыққа ұсыныс беруді тапсырды. Және BI-Group компаниясымен бірлесіп үш ауысымды мектептерді жоюдың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді де міндеттеді.