Алматы мен тағы екі облыстан 145 қару тәркіленді

Алматы мен тағы екі облыстан 145 қару тәркіленді
Сурет: Inform.kz

Бұл туралы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлім етті.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында 145 қару-жарақ тәркіленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында 145 қару-жарақ тәркіленді, оның 82-сі Алматы қаласында орналасқан қару-жарақ дүкендерінен ұрланғаны белгілі болды»,- деді полиция өкілі.

Сонымен қатар, ол қару қабылдау акциясы жалғасып жатқанын тілге тиек етті.

«Азаматтарға заңсыз сақталған немесе табылған қаруды өз еркімен тапсыру мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, ҚР ҚПК-нің 287 бабына сәйкес, қару мен оқ-дәрілерді тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады», - деді ол.

Рустам Әбдірахманов медициналық мекемеде жатқан 16 күдіктінің тергеуге алынғанын айтты.

«16 адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 272-бабында көзделген қылмыс, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген қылмыстық іс бойынша күдікті», - деп түсіндірді ол.

Жоғарыда аталған күдіктілерге қатысты тергеу соты бұлтартпау шарасын санкциялады.

«Қамау изоляторындағы жаралыларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі», -  деді Рустам Әбдірахманов.