Алматы мен елорда тұрғындары вакцина алып, көлік ұтты

Алматы мен елорда тұрғындары вакцина алып, көлік ұтты
Сурет: 24.kz

Вакцина салғызып, ұтысты болды

«Мега» сауда орталығы мен «Астана Моторс» компаниялары бірлесіп өткізген байқау өз мәресіне жетті. Олар «Мега» кешендеріне келіп, вакцина қабылдағандар арасында ұтыс ойындарын өткізген еді. Жеңіске жеткен елордалық және алматылық тұрғындарға автокөліктердің кілті табысталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматылық Сухраб Хамраев «Мега Алматы» мен «Мега Парк» сауда ойын-сауық орталықтарында вакцина салдырушылар арасында өткізілген ұтыстың жеңімпазы атанды. Су жаңа көлікке ие болған жігіт вакцинаны тамыз айында салдыртқан.

«Арнайы толтыруға арналған бланк берілді. Соны толтырып, сол жерде қалдырып кеттім. Шынымды айтсам, мен ұтамын деп ойлаған жоқпын мүлдем. Күтпеген жағдай болды. Өте қуаныштымын. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын», - дейді алматылық ұтыс иегері Сухраб Хамраев. 

Нұр-Сұлтандағы «MEGA Silk Way» сауда ойын-сауық орталығында да автокөлік ойнатылған. Екі қаладағы ұтыс иегерлері онлайн жүйесінде анықталып отыр. Елордада темір тұлпар кілті Хайролла Ысқақовқа табысталды.

«Әуелі нанған жоқпын. Сосын инстаграмнан қараңыз дегенннен кейін қарап прямой эфирді көріп содан кейін нандық. Нанғаннан кейін қуаныш болды», - дейді «Mega Silk Way» сауда ойын-сауық орталығында өткен ұтыстың иегері Хайролла Ысқақов. 

«Осы шара арқылы коронавирус пандемиясымен күреске өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Бірақ көлік басты сыйлық емес. Бәрінен де денсаулық артық», - дейді «Астана Моторс» ҚМК басқарушы директоры Денис Коломацкий. 

«Вакцина салдырып, көлік ұтып ал» акциясы 23 маусым мен 31 тамыз аралығында өтті. Осы уақытта «Мега» сауда ойын-сауық орталығы желісіндегі вакциналау пунктерінде 34 мыңға жуық адам екпе алған.